Алматыда жүгіруден өткен жарыс 5 cағатқа созылды

-Таңмен таласа тұрып, 3ші -Қайырымдылық марафонына қатысуға ниет білдірген алматылықтардың қарасы көп. Қатарлары әлі толығып жатыр. Олар жарты сағаттан кейін сөре сызығына тұрып, қашықтыққа жүгіруді дәл мына Әл-Фараби мен Наваи көшелерінің қиылысынан бастайды.

Осымен үшінші жыл өтіп жатқан халықаралық мәртебеге ие марафонға қала әкімі Ахметжан Есімов бастаған спортшылар, еріктілер, тіпті қариялар да қалыс қалмай жиналған. Олар шама шарқына қарай 3, 10, 21 және 42 шақырым қашықтыққа жүгірді. Спорттық әрі қайырымдылық шараның бас демеушісі - «Астана Моторс» компаниясы екенін айта кетейік. Бұл ұжым 10 шақырым қашықтықты 1 сағатта бағындырды.

Нұрлан Смағұлов, «Астана Моторс» компаниясының президенті:

-Өте тамаша болды! Адамдар айқайлап, ұран айтып жатыр.

Ұйымшылдық танытып, жүгірген тұрғындарға алғысым шексіз. Қол соғып, қарсы алған адамдарға көп рахмет! Оған қоса, жеңімпаздарға ғана емес, барлығына медаль табысталып жатыр.

Жүгіріп келген желаяқтардың уақыты онлайн түрде анықталды. Десе де, жиналған жұрт жеңімпаздар есімін ұзақ күтті. Себебі, күрделі 42 шақырымға жүгірген марафоншылар бұл қашықтықты 5 сағатта еңсерді. Биылғы қайырымдылық марафонына 9 мыңнан астам адам қатысқан. Олардан 10 миллион теңгеге жуық қомақты қаржы жиналып отыр. Ол қаражат енді қатерлі ісік ауруына шалдыққан балаларды емдеуге жұмсалмақ. Сондай-ақ, «Астана Моторс» компаниясы, Алматыдағы онкологиялық бөлімшелердің бірін жедел жәрдем көлігімен толықтырды.


Жарыс соңында жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен медаль, сондай-ақ, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, биылғы қайырымдылық марафонына қатысушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 мыңға артқан. Енді спорттық шараны ұйымдастырушылар жыл сайын мұндай марафон өткізуді жоспарлап отыр.