Алматыда жүргізуші куәлігі сату жүйелі бизнеске айналған

Мектепті кеше бітірген Елдар әне-міне «жүргізуші» атанады. Емтиханды инспектордың өзі қабылдауда. Көліктің іші де, сырты да толған камера. Полицейлердің айтуынша, бармақ басты, көз қыстыға мұнда мүлдем жол жоқ.

Нұрлан Аманбек, Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары: 

-Мүмкіндігі жоқ, бәрі жүйе бойынша. Әр көлікте бізде 4 камера орнатылған. Бәрі онлайнда көрінеді, сондықтан ешқандай адамның ол жерде көмектесуі және қандай да бір жағдайға келтіруге мүмкіншілігі жоқ!

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға келгендер тесттен де өтеді. Мамандар мұнда да бәрін сынақ қорытындысы шешеді деп отыр. Бірақ ешқандай емтихансыз-ақ бар-жоғы 50 мың теңгеге жүргізуші куәлігін сатып жүргендер жетерлік.    

-Бастыққа айтам, алып барады да жасап бере салады. Проблема болмайды. Емтихан тапсырудың да қажеті жоқ.

Жүргізуші куәлігін оп-оңай сатып отырған анау-мынау емес, көлік мектебінің ұстазы. Ақшаның ұшын көрсеткеніміз сол еді, оқытушы бірден келісе кетті. Куәлікті саудаға салғандар халыққа қызмет көрсету орталығында да қаптап жүр.

-Суретке түссін. 1,5 сағатта алып кетіп қалады.

Небәрі бір жарым сағатта құжатты қолға ұстатам деген делдалдар, тіпті «оқыды» деген түбіртексіз-ақ жүргізуші куәлігін жасап беруге даяр.

-Оқымай болады.  Бір категория, қағазын бәрін істейміз.

 -Ол қанша күнде болады?

 -Келсе 1-2-3-ақ күнде ғой.

Бұл – Алматыдағы жағдай. Өңірлерде де куәліктің саудасы қызған. Мұнда, тіпті, жол полициясы басқармасының дәл түбінде жайғасқан дүңгіршектер құжатты емін-еркін сатып, емтиханнан да өздері өткізіп жүр.    

-Құжатын  тастап кетеді, ақшасын беріп кетеді, 3 күннен кейін емтиханға шақырады. Сол кезде кіріп шығады. Бәріне ақша беріп қояды. Әншейін, 10-15 минут компьютердің алдында отырып шығады, емтихан  тапсырмайды.

-Екі жылдан бері Алматыда халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 113 мың адам куәлік алып үлгеріпті. Қандай жолмен екені, әрине, белгісіз. Жалпы, жол қауіпсіздігіне қатысты заң қанша қатайып, айыппұл мөлшері ұлғайтылса да, көлік апаты азая қоймаған. 2014 жылғы статистика бойынша, осындай шала сауатты әрі жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен 2 жарым мың адам қаза тапқан. Оның 232-сі мектеп жасындағы балалар.         

Loading...