Мұнай тақырыбында қалам тербейтін "ең үздік журналист" атағы "Панорама " апталығының шолушысы Елена Бутыринаға берілді. Осы категория бойынша мадақтау сыйлығы республикалық "Жас алаш" газетінің тілшісі Гүлзат Смағұловаға табыс етілді. "Ең таңдаулы басылым" ретінде Қызылорда облыстық "Сыр бойы" газеті танылса, мадақтау сыйлығы "Эксклюзив" журналына бұйырды. "Ең үздік телеарна" категориясы бойынша Шымкенттегі "Отырар-ТВ" тәуелсіз телеарнасы жеңімпаз атанса, мадақтау сыйлығына "Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясы" лайық деп танылды.
Байқаудың қазылар алқасының мүшесі, "Новое пооколение" газетінің бас редакторы Олег Червинскийдің айтуынша, "Қазақстан мұнайлы держава екеніне қарамастан баспасөз беттеріндегі мұнай туралы мақалалар мен жарияланымдар негізінен үстірт келетінін мойындау керек. Бүгінде мұнай тақырыбындағы талдау материалдары жоқтың қасы, сол себепті бұл - кәсіптік шеберлікті шыңдауда таптырмайтын тақырып. Осы тұрғыдан алғанда байқау - журналистер үшін білім жетілдіруде жақсы ынталандыру шарасы болып табылады".
Байқауға барлығы 30 жұмыс жолданып, оның байқау тақырыбына лайық деп танылған 16-сы таңдаулы туындыларды іріктеуге жолданды.