Алматыда жылу энергетикалық нысандарға 555 600 теңге айыппұл салынды

Тексеріс барысында өрт қауіпсіздігіне қатысты 214 ереже бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 9 әкімшілік хаттама толтырылып, 555 600 теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бөлім бастығы Айдос Нүсіпбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өртке қарсы қызметтердің мамандары аталмыш нысандардың қызметкерлері арасында өртке қарсы 32 нұсқама өткізді.

«Тағы бір айта кететін жайт, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберіс дәліздерінің алдына автокөліктердің тоғытылып қойылуы үлкен мәселе болып отыр. Бұл өрт бола қалған жағдайда шұғыл әрекет жасауға қатты кедергі келтіреді», - деді А. Нүсіпбеков

Соңғы 9 ай ішінде көпқабатты тұрғын үйлерде 46 өрт оқиғасы болып, 100 рет қоқыстардың жанған оқиғасы тіркелген. Осы өрт оқиғалары салдарынан 2 адам көз жұмған. 10 рет үйлердің балкондарын өрт шалып, 26 рет тұрғылықты бөлмелер өртенген. Екі жағдайда шатырлар өртке оранған.