Алматыда жыныстық зорлық тақырыбында жазылған кітап таныстырылды

Алматыда жаңа құрылған "НеМолчи.kz" құқық қорғау ұйымы "жыныстық зорлық құрбаны болған" әйел туралы "Ләззәт - тағдырымның бергенін қабылдаймын" деп аталатын кітапты таныстырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ұйым жетекшісі Дина Сымайылованың айтуынша, әйелдерге арналған көркем биографиялық кітапты Ләззәт Рақышева мен қазақстандық және украиналық жазушы, Чехиядағы "Kolvirs.r.o" баспасының негізін қалаушы Ирина Агапеевамен бірлесе жазған. Кітапта 40 жылдай уақыт бұрын Шығыс Қазақстан облысының бір ауданында тұрған әйел - кітап кейіпкері Ләззәт Рақышеваның бала кезінде жыныстық зорлыққа ұшырап, оның кейінгі өміріне қалай әсер еткені және түрлі қиындық пен сынақты қалай жеңіп шыққаны баяндалады.

Дина Смайылова Ләззәт Рақышева зорлыққа ұшыраған балаларды қорғау мақсатында өз басынан өткенін кітап қылып шығарғанын және қор құрғанын айтты. Ұйым басшысы кітап қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде басылатынын, кітапты сатудан түскен қаржының 50 пайызы зорлыққа ұшыраған балаларды қорғауға және олардың отбасыларына көмек ретінде берілетінін жеткізді.


Дина Смайылова 2016 жылы осыдан 25 жыл бұрын өзінің зорлық көргенін ашық айтып, "Немолчи" хэштегімен әлеуметтік желіде жазған. Осының негізінде кейін "НеМолчи.kz" қозғалысы құрылған.