Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Құжат Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленіп, бұған дейін әртүрлі деңгейде реттеліп келген автокөлікке, кәсіпорындар мен шағын өндірістерге қойылатын экологиялық талаптар, төмен шығарындылар аймақтары бойынша ережелер, сондай-ақ Алматы қаласындағы ауа сапасын бақылау және деректерді есепке алу жүйесін талаптарды бір арнаға тоғыстырады.
Мұндай ереженің қажеттілігі 2024 жылғы есептеулермен дәлелденіп отыр. Былтыр Алматы агломерациясы бойынша ауаға таралған зиянды заттардың жалпы көлемі жылына 225 мың тоннаға жетті, оның ішінде 189 мың тоннасы Алматының үлесінде. Бұл жағдайды жергілікті деңгейде нақты шараларсыз жақсарту мүмкін емес екенін көрсетеді.
Ережеге сәйкес, қаладағы ауа ластануының негізгі көздері:
Мәселен, автокөліктер жылына шамамен 112,7 мың тонна зиянды зат шығарады. Оның ішінде 84%-ға дейінгі бөлігі – Еуро-0 экологиялық класына жататын ескі көліктердің үлесінде. Жаңа ереже қозғалтқышты қосып қоюды шектеу, шығарындыларды тазарту жүйесін пайдалану және тұрақты техникалық бақылау сынды коммуналдық және жеке автопарктерге міндетті талаптарды енгізеді. Автопарктерді жаңарту алдымен – Еуро-5 стандартына, кейін – газ және электр көлігіне көшу арқылы кезең-кезеңімен жүргізіледі.
III санаттағы нысандарға – шағын өндірістер мен ауа ластауға ықпал ететін, алайда бұған дейін іс жүзінде бақылаусыз қалған нысандарға жеке талаптар енгізіледі. Жаңа ереже нақты шығарындыларды өлшеуді, тазарту қондырғыларының міндетті болуын және көшпелі тексерулерді қарастырады. Сондай-ақ, көмір мен отын пайдаланатын жабдықтардан біртіндеп бас тартып, газға көшу жоспарланған.
Қаланың жекелеген аудандарындағы ластану деңгейін төмендету мақсатында төмен шығарындылы аймақтарды (LEZ) кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Мұндай аймақтарда газ жүргізілген жерде көмір мен басқа да отын түрлерін жағуға, қоқыс өртеуге және пиротехниканы пайдалануға тыйым салынады. Генераторлар мен арнайы техника тазарту жүйелерімен жабдықталуға тиіс.
Ауа сапасын бақылау үшін экологиялық мониторинг көзделген. Деректі сенсордан жинап, өзгерісті талдайтын және қабылданған шаралардың тиімділігін көрсететін бірыңғай цифрлық жүйе құру жоспарланып отыр. Тұрғындар ауа жағдайы туралы ақпарат алып, түйткілді мәселелер туралы хабарлай алады.
Ережелердің қабылдануы атмосфералық ауаны қорғаудың нақты деректер мен ортақ талаптарға негізделген түсінікті жүйесін қалыптастырып, мегаполистегі ластану деңгейін біртіндеп азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Алматы елімізде атмосфералық ауаны қорғауға кешенді тәсілді алғаш болып енгізіп отырған қала. Бұл тәжірибені кейін басқа өңірлер де пайдалануы мүмкін.