Алматыдағы Ардагерлер үйінен тағы шу шықты

Ардагерлер үйінде  мемлекеттік тендер нағыз табыс көзіне айналған. Қарттардың  керек-жарағына деп бөлінген қаржы бөліске түсіпті. Мәселен, дәрі-дәрмек нарықтағы құннан екі есе қымбатқа сатып алынған. Соның буы ма,  әйтеуір «жомарттық» танытқан басшылық 35 қызметкеріне заңсыз сыйақы  тағайындапты.

Бауыржан Төлендинов, прокурордың аға көмекшісі:

–Тексеріс нәтижесінде ҚР Сатып алу туралы заңды бұзу фактісі анықталды. 1 млн 800 мың теңгеден астам ақша заңсыз берілген. Және жұмысшыларға 700 мың теңгеден астам сыйақы берілген.

Ең сорақысы, марқұм болған қарттардың зейнетақысын бөгде адамдар алып отырған. Бюджет қаржысын ысырап қылды деген күдікке мекеменің бас есепшісі ілініп отыр.Былығы әшкереленген соң дереу жұмыстан қуылған. Тағы 5 қызметкерге сөгіс жарияланыпты. Ал тексеріс басталғанда аяқ асты ауырып қалған директор әлі жұмысқа шықпаған. Оның орнында уақытша отырған адам ештеңе білмеймін деп ат тонын ала қашты.

Дәнипа Ысқақова,  Ардагерлер үйі директордың міндетін атқарушы:

– Мен бұл қызметке жаңадан келдім. Іштегі жағдаймен енді танысып жатырмын.  Тамаққа байланысты ешқандай мәселе болған емес. Қариялар арнайы әлеуметтік көмек алып тұрады. Медициналық жәрдем үздіксіз беріледі, дәрі-дәрмек жеткілікті.

Бірақ зейнеткерлердің сөзі басқаша. Осыннан пана тапқан 330 қарт түрлі даумен, тексерістен  әбден қажып біткендерін айтады.


Жайсаңбай Қаңтарбаев, Ардагерлер үйінің тұрғыны:

–Бұл жерде мен тұрғалы он жыл болды. Мамандар тұрақты емес. Әр маман өзінің қызметімен айналысуы керек. Біресе директор қып мал дәрігерін әкеп қойды. 8 дәрігер, 3 бастық бар, жұмыс жоқ. 

Тіпті «күйіміз кетті» деп күйініп отыр.

Сетлана Кулешова, Ардагерлер үйінің тұрғыны:

–  Дәрігерлер  қарттаға дұрыс көңіл бөлмейді. Тегін берілуі тиіс дәрілер жетіспейді. Кейбіреуін өзіміз сатып аламыз. Ал тамақтары құнарсыз.

-Осылайша, мекемедегі ахуал күн сайын ушығып барады. Ал  қариялардың несібесін жырымдаған бас есепші шығынның орнын толтырса   жазадан оңай сытылып кетуі мүмкін. Бірақ басынан дау арылмаған Ардагерлер үйі әзірше тексерістен көз ашпайтын секілді.Себебі тендерге қатысты  қитұрқылықпен енді қаржы полициясы айналысуы ғажап емес.