Аталмыш семинар жұмысына қазақстандық сарапшылардан өзге Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің мамандары қатысуда. Ал, ресейлік мамандар еліміздің Азиадаға дайындық қарсаңындағы спорт кешендерінің пайдалануы бойынша тәжірибе алмасуда.
Тамыздың 25-не дейін жалғасатын семинарда мамандар спорт ғимараттарын халықаралық жарыстарға дайындаудың заманауи технологияларын және бұқаралық спортты дамытуда спорттық нысандарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылайтын болады.
С.Сейдумановтың айтуынша, спорт кешендерін дайындау қарқынды жүргізілуде. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, "Медеу" мұз айдыны, "Шымбұлақ" тау шаңғысы кешені, "Табаған" базасы сияқты кешендер пайдалануға берілуге дайын.
"Алдағы жылғы 15-ші қаңтардан бастап бізге алғашқы спортшы- қонақтар келе бастайды. Ал, Астанадағы Азиаданың ашылу рәсімінен кейін делегацияның басым бөлігі бізге ағылады, сондықтан қала жіті дайындық үстінде болуы керек", дейді С.Сейдуманов.
Бүгінгі күні елімізде спорттың дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Еліміз бойынша көптеген жаңа спорт сарайлары, мектептері ашылып, спортты дамытуда салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен ықпал етуде. Сонымен қатар Елбасы 2010 жылғы халыққа Жолдауында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, 2020 жылға дейін халқымыздың 30 пайызы денешынықтырумен айналысуына жағдай жасау керектігін айтқан болатын.