Алматыдағы киім-кешек базары тағы да өртенді


ТЖ министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, түнгі сағат 01:54-те базар аумағындағы бес сауда-қойма контейнері өртенген. Жалпы 150 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген жалын сағат 03:13-те сөндірілді.

Адам шығыны жоқ.

Солтүстік айналымдағы «барахолка» атанып кеткен базарлар бұған дейін де бірнеше рет өртенген болатын. 17-қарашада болған соңғы өрт салдарынан «Құлагер» базарының 3800 шаршы метрі күлге айналды. Сараптама нәтижесінде базарға қасақана от қойылғаны анықталған болатын. Ал, қыркүйек айындағы өрт кезінде үш бірдей базар өртеніп, 5 мың шаршы метрден астам аумақ өртке оранған-ды.