Бұл туралы дүйсенбі күні аталған аурухананың бас дәрігері Манат Сейдуманов мәлім етті.
Оның айтуынша, он бір адам «жедел жәрдеммен» жеткізілген. Кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінген тағы бір қыз бала да осында ем қабылдап жатыр.
Жарақат алғандардың денесіне әйнек сынықтары кірген, сонымен қатар, бас сүйектері мен миы зақымданған, дейді дәрігер.
М.Сейдумановтың сөзіне сүйенсек, зардап шеккендердің бесеуі ауыр халде. Екеуіне операция жасалды, дәрігерлер тағы үш студенттің өмірі үшін күресіп жатыр.
«Бесеуі де жан сақтау залына жатқызылады. Олар тұрақты бақылауға алынады», - деді бас дәрігер.
Қалған жеті студентке алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліп, нейрохирургия, хирургия және травмотология бөлімдеріне орналастырылыпты. Сонымен қатар, «жабық бөлмеде болған жарылыс салдарынан олар контузия алған, сырқаттардың жағдайы бірқалыпты. Олар әлі де есеңгіреген қалыптан шыға алмай жатыр», - деп қосты М.Сейдуманов.