Алматы сән және дизайн колледжінде болған жарылыс салдарынан 16 жасар Светлана Яковлева қаза тауып, тағы 14 шәкірт зардап шеккен. Бас күдікті ретінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Габит Қарабалаев тұтқындалған болатын. Тергеу барысында оқу орнына қару-жарақты әкелген бұрынғы пән мұғалімі екені анықталды. Сөйтіп, Юрий Гавриленко да 2 айға қамауға алынды. Ал ауруханаға түскен студенттер әлі ем қабылдап жатыр. Екеуі жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайлары қалыпты. Бір апта бұрын төтенше жағдай болған кабинетте қазір сабақ жалғасып жатыр. Қираған дүниелерді қалпына келтіріп жөндеу жүргізген. Колледж директоры мүлікті түгендеу кезінде гранатаны мұғалімдердің көргенін және одан еш күмәнданбағанын алға тартады.
Надежда Яковлева, Алматы сән және дизайн колледжінің директоры:
-Оқытудың барлық талаптарына сәйкес, көрнекі құралдар толық болуы тиіс. Олардың ішінде қару-жарақтардың макеттері де бар. Бірақ біздің колледждегі гранатаның оқу құралы емес, нағыз жарылғыш болып шыққаны орны толмас өкініш. Бірақ ол мүлікті түгендеу кезінде акт бойынша оқу құралы болып тіркелген.