Алматыдағы «Мәдени Азиада» шаралары

Алматыда осы бағытта «Мәдени Азиада» бағдарламасы аясында бір емес, бірнеше шаралар өтпек. 1-5 ақпан аралығында ҚР Ғылым академиясының алдында «Қазақ ауылы» бой көтеретін болады. Онда әртүрлі тақырыптағы қазақ үйлер мен арнайы жасалған декорациялар қазақ халқының өмірі мен тұрмыс-салтынан сыр шертетін болады. Азиада қонақтары мен қатысушылар мұнда ат ойындарын тамашалап, қазақтың ұлттық тамақтарынан дәм тата алады.

Этноауыл сонымен қатар, «Қар барысы» саябағында да бой көтеретін болады. Ауыл мұз бен қардан салынады. Саябақта «Ұлы Жібек Жолы», «Азия елдерінің мәдениеті», «Азия ас үйі» атты фестивальдер өткізілмек, сонымен қатар бұл жерде көптеген концерттер өтетін болады. Мұнда қонақтар шанамен сырғанап, атшанамен серуендей алады.

Ал жастарға және белсенді ойын-сауық құрушыларға арнап, 2-4 ақпан аралығында «Астана» алаңында ашық аспан астындағы би кештері ұйымдастырылатын болады.

Бұнымен қатар, Алматы шетелдік қонақтар үшін қазақстандық эстрада, халық, классика, джаз, заманауи танымал музыка жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламалар дайындауда. Бұл шаралар қаланың мәдени ошақтарында 1-5 ақпан аралығында өтеді.


Сонымен қатар «Мәдени Азиада» бағдарламасы аясында қаланың ең үздік кинотетрларында 3-5 аралығында «Киноазиада» өткізілмек. Бұл күндері «Цезарь», «Арман», «Родина», «Кинопарк-4», «Глобус» кинотеатрларында қазақстандық кинокартиналармен қатар, спорттық тақырыпқа арналған толықметражды көркем фильмдер мен деректі фильмдер көрсетіледі.