Алматыдағы Сайранда жаппай төбелес болды

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде жарияланды.

Соққыға жығылған адам кәсіпкер Артем Алпатов екені белгілі болды. 

"Қалай болғанын білмеймін. Әжетханаға шыққанбыз, екі досымды біреулер тепкілеп жатыр екен. Біреуінің беті қанап кеткен, оны қорғаштай бастадым, сосын мені құлатып, гитарамен ұрды. Сосын не болғаны есімде жоқ, жедел жәрдем машинасында есімді жидым. Басыма бес тігіс салды. Достарымның айтуынша, бізге жағалауда бір топ жігіт келіп, гитара сұрапты, тартып алғысы келді ме, әлде ән айтқысы келді ме, сосын біреуімізді ұрыпты, достарымның бірі төбелесе кеткен", - деді Артем Алпатов.

Қалалық полиция өкілдерінің айтуынша, төбелес шығарғандар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, төбелес 2 шілдеде кешкі уақытта болған. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша іс қозғалған. 


"Екі топ жігіт ерегесіп, кейін төбелес шыққан. Оқиға орнында болған жалғыз полицей нұсқаулық бойынша әрекет етті. Қосымша күш шақыртылғаннан кейін төбелесті тоқтатуға және қатысушыларды ұстауға бағытталған шара жүргізді. Зардап шеккендерге дереу жедел жәрдем шақыртылды, қалғандары Алмалы аудандық ІІБ-ге жеткізілді. Тергеу шаралары барысында төбелес шығарғандар анықталып, қамауға алынды. Олардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысында алаяқтық дерегі бойынша іздеуде жүрген", - деп хабарлады қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.