- Селден ең көп зардап шеккен Наурызбай ауданының қазіргі көрінісі бұл. Түн ортасында басталған табиғат апаты тұрғындарды әбігерге салған. Селдің салдарынан үш бірдей ауданның үйлерін су басып қалыпты. Ал, ірі жолдарда көлік қозғалысы қиындаған. Тіпті, мұндағы көшелерден толассыз аққан лай судың да әзірге тоқтайтын түрі жоқ.
Апат орнында қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 400-ден астам төтенше жағдай қызметкері мен арнайы техникалар ағынды сумен арпалысып жатыр. Бұған қоса, оқиға орнына қоғамдық тәртіпті орнату үшін 500-ге жуық полицей де жұмылдырылған.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Сонымен қатар полиция тарапынан арнайы бақылау бекеттері орнатылды. Жол қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Яғни, су басқан жерге көліктерді кіргізбеу, оларды басқа жолдармен реттеу бойынша шаралар ұйымдастырылды.
Тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратып, жұртты дүрліктіргендердің жазасыз қалмайтынын да айтып отыр. Тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір әлеуметтік желілерде осындай ескі видеоларды салып, Алматы деп ойбайлап жатқандар көп.
Ал Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандарындағы абыр-сабыр әзірге басылар емес. Апаттан ажал құшқан ешкім жоқ дейді шенеуніктер. Десе де жараланғандар бар. 12 адам дәрігерлер көмегіне жүгініп, соның төртеуі ауруханаға жатқызылған. Түн ортасында келген топан судан бала-шаға да шошынып қалыпты. Қазір оларға, 20 дәрігер көмек беріп жатыр.
Елшат Тілекеев, №18 қалалық емхананың бас дәрігері:
- Негізінен психологиялық көмек көрсетілді. Енді көп адамдардың қан қысымы көтеріліп кетті. Оларға көмек көрсеттік.
Тұрғындардың көбі сел жүргені туралы ести салысымен не істерлерін білмей, абдырап қалған. Қайта құтқарушылар жылдам жетіп, жұрт қауіпсіз жерге көшірілді. Эвакуацияланғандар саны 900-ден асады. Төтенше жағдай қызметкерлері енді ешқандай қауіптің жоқ екенін айтып отыр. Тұрғындардың алды тіпті үйлеріне қайта бастаған. Десе де, шошынып қалған жұрт шенеуніктердің басуына не сенерін, не сенбесін білмейді.
Шолпан Төлендинова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қорқыныш бар енді. Біз бәріне сене бермейміз ғой. Бірақ, енді бәрі тазаланып жатыр, үйлеріңізге қайтуларыңызға болады дегеннен кейін үйге қайтайын деп жатырмыз.
Ал, үйлерін су басқандары уақытша баспанамен қамтылған. Енді зардап шеккендерге әкімдікпен қоса жеке кәсіпкерлер де көмек бермек. Ешбір адам көмексіз қалмайды деп сендірді Алматы әкімдігіндегілер.
Loading...