Н.Омаровтың айтуынша, мұндай мәлімдеме жасауға Алматы қалалық әкімшілігінің Шаңырақ, Әйгерім және Қалқаман ықшам аудандарындағы заңдастырылмаған үйлердің қожайындарын қуып шығып, үйлерді бұзу туралы шағымдарды қарша боратуы себепкер болып отыр. "Иманғали Тасмағамбетов уақытша комитеттің белсенділерін қабылдаудан бас тартқан жағдайда аталмыш аудандардың тұрғындары қала орталығына наразылық шарасына шығады",- деді баспасөз мәслихатына қатысушылар.
"Өз үйімізді заңдастырайық" атты қозғалыстың қорғаушысы Саян Мейірбековтың айтуынша, "комитет мүшелері әкімнен Шаңырақ, Әйгерім және Қалқаман ықшам аудандарындағы үйлерді заңдастыруды сұрамақ". Оның айтуынша, заңдастырылмаған үйлерге қатысты мұндай келеңсіздік 1999-жылы Алматы облысынан Алматы қаласына жерді дұрыс өткеріп бермеу салдарынан туындаған. "Жерді өткеріп бермей тұрып санақ жүргізіп, жерді зоналарға бөлу керек болатын. Сол себепті жерді өткеріп беру формасының өзі заңсыз болған",- деп пайымдайды заңгер. Оның айтуынша, облысқа қарасты жерді Алматы қаласына өткеріп берген кездің өзінде бұл аумақта ауыл әкімінің шешімімен мыңдаған үйлер салынып үлгерген болатын".
Баспасөз мәслихатына қатысушылардың атап көрсетуінше, Алматы қаласының бұған дейінгі әкімі Виктор Храпуновқа да талай мәрте үйлерді заңдастыру туралы өтініштер жасалған. Алайда мәселе шешілмей сөзбұйдаға салына берді.
Комитет өкілдері бүгінде заңдастыруды талап ететін үйлерге санақ жүргізуде. Қазіргі жағдаймен тек Шаңырақ және Әйгерім ықшам аудандарының өзінде осындай 1850 үй саналып отыр.
Ал қожайындарында тиісті құжаттары жоқ үйлерді соттардың шешімімен бұзу шарасы одан әрі жалғасуда. Баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, "Шаңырақ" ықшам ауданының аумағында соттың шешімімен бір заңдастырылмаған үй бұзылған болатын. "Бірақ осы үйдің орнына басқа тағы бір адам жаңа үй салып алды",- дейді олар.