Алматыдағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің 12 пайызы ғана рos-терминал орнатқан

Алматыда төлем карточкаларын қабылдайтын pos-терминалдарды заңды тұлғалар мен кәсіпкерлердің 12-ақ пайызы орнатқан. Бұл туралы Салық департаментінің басқарма басшысы Қуаныш Түменбаев мәлім етті.


           «Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша 12 мыңға жуық pos-терминал орнатылған. Бұл тіркелген салық төлеушілердің 10 пайыздан астамы ғана. Ал, Алматы қаласы бойынша 100 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген», - деді ол сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында.
           2012 жылдың маусымында «Төлемдер мен ақша аударымдары туралы» заңға түзетулер енгізілген болатын. Жаңа құжатқа сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сауда немесе қызмет көрсету нүктесінде төлем карточкалары арқылы есеп айырысуға мүмкіндік беретін pos-терминалдар орнатуы тиіс. Өзгертулер биылғы жылдың басында күшіне енді.
           Жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер оны 2014 жылдың 1-қаңтарына дейін орнатуы шарт.
           Заң талабына бағынбаған жеке кәсіпкер 40 АЕК (1 АЕК – 1731 теңге), шағын және орта бизнес нысаны болып табылатын заңды тұлғалар 60 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.