Бұрын хабарлағанымыздай, Абай - Жандосов - Сәтпаев көшелерінің қиылысында жол торабын салуға байланысты желтоқсан айының басында Сәтпаев көшесі жабылған болатын. Жүргізушілер енді жолдың бұл бөлігін Байзақов пен Тимирязев көшелері арқылы айналып өтулері керек. Сәтпаев көшесі мамыр айына дейін жабылады. Ал ол ашылғаннан кейін соның жанындағы Жандосов көшесі жабылады деп көзделген еді.
"Бұл көшелердің жабылуына байланысты ыңғайсыздықтар 15 наурызға дейін болады. Сол кезде біз Жандосов көшесін Абай көшесіне дейін ашатын боламыз", - деп хабарлады көлік департаментінің техникалық қадағалау бөлімінің бастығы Нұрлан Солтанбеков.
Оның айтуынша, Жандосов көшесінің жабылуы инженерлік коммуникацияны көшіруге байланысты туындаған. "Қазір біз бұл көшеде су құбырын төсеп жатырмыз. 8 наурызға дейін су құбыры желісін көшіру жұмыстары аяқталады", - деп хабарлады Н. Солтанбеков.
Сонымен қатар, ол құрылыс жоспары мен мерзімі құрылыс жүргізетін жер телімдерін алудағы қиындықтарға байланысты бұзылып жатыр. Атап айтқанда, жол торабы салынуы тиіс жерде "Мобил" компаниясының жанармай құю бекеті орналасқан. Оның айтуынша, бұл жерді алу мәселесі жақын арада шешілуі тиіс.
Қазіргі уақытта Алматыда үш жол айрығы салынып жатыр. Жобаға сәйкес, Абай - Жандосов - Сәтпаев көшелерінің қиылысындағы жол торабы биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін салынып бітуі керек. Жандосов - Сәтпаевта эстакада, ал Жандосов - Мұқановта Абай даңғылының астынан өтетін туннель салу көзделіп отыр.
Екінші жол торабы Райымбек - Пушкин - Сүйінбай көшелерінің қиылысында салынып жатыр. Оның пайдалануға берілу мерзімі ағымдағы жылдың 1 тамызы. Сонымен қатар, Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылысында жол торабын құрылысы басталды. Жоспарға сәйкес оны келер жылдың 1 шілдесінде пайдалануға беру керек.