Алматыдағы жарылыс: 5 студенттің жағдайы ауыр

«Әскери қару болған соң балалардың барлығы контузия алған. Қазір Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында 12 бала жатыр. Алгашқылары 9.30-да келген болатын. Олардың 7-еуіне тиісті көмек көрсетілді. Олар аурухананың түрлі бөлімдерінде жатыр. Ал қалған 5 адамның 2-іне ота жасалды. 3-еуіне ота жасалып жатыр. Олардың жағдайы ауыр», - деді мекеменің бас дәрігері Манат Сейдуманов.

Оның айтуынша, балалардың көбінің бас сүйегіне  зақым келген. Сондай-ақ, көбінің кеуде тұсын, ішін снарядтың жарықшағы зақымдаған.

«Қазір қаланың үздік дәрігерлері 3-4 рет консилиумге жиналып, бірлесе қимылдауда. Барлық институттардың мамандары тартылды. Мұнда бір бригадада бірнеше маман уролог, хирург, тамыр хирургы, торокалды хирург, көз дәрігері, нейрохирург сияқты дәрігерлер тізе қосып қимылдауда», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рамазанов Манас.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, түскен науқастардың 11-і колледж студенттері болса, 12-ші қыз бір студенттің қарындасы болып шықты. 


Аурухана ішінде науқастардың туыстары көптеп жиналған. Олардың барлығына таңнан бері психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Алматы Сән және дизайн колледжінде БӘД сабағы кезінде граната жарылды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, ТЖ салдарынан тәлімгердің біреуі қаза тауып, 11 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Колледж студенттерінің барлығы қауіпсіз жерге шығарылды.

Қала басшысы қаза болған қыздың туған-туыстарына өтемақы төлеуді тапсырса, ақ халаттыларға жапа шеккен студенттердің өмірін арашалап қалудың бар амалын жасауды тапсырды.