Caravan.kz медиа порталының тілшісі бағындырған шың туралы материал ұсынады.
Фурманов шыңы – Іле Алатауының ең биік әрі көркем шыңдарының бірі. Теңіз деңгейінен 3053 метр биіктікте «Кімасар» шатқалында орналасқан. Бұл аймақ жаяу серуендеушілердің арасында ерекше танымалдылыққа ие. Себебі қолжетімді. Көшкін қаупі жоқ. Биіктігі - 3053 метр. Бағындыру үшін ерекше дайындықты қажет етпейді. Дегенмен ниет етіп шықсаңыздар, физикалық әрі моральді түрде дайын болғандарыңыз абзал.
Фурманов шыңына кеңестік революционер Дмитрий Андреевич Фурмановтың есімі берілген. Ол орыс жазушысы. Революционер. "Чапаев" романының авторы ретінде танымал. Ал Алматылықтар арасында «Мятеж» романымен танылған, себебі сол кездегі Верный қаласындағы 1917 жылдың оқиғалары суреттеледі.
Владимир Высоцкий айтқандай: «Таудан ғажап таудың өзі». Алматы маңындағы таулы жерлерді саусақпен санап бітпейсің. Соның бірі аты шыққан Фурманов шыңы.
Қандай маршрутпен жетуге болады?
Жазда күн шықпай қамданған абзал. Таңғы 5-те «Медеу» мұз айдынының сол жағындағы жол арқылы тосқауыл қойылған жерге көлікпен жетесіз. Кіру бұрын тегін еді. Қазір ақылы. Бір адам басына 569 теңге. Әрі қарай шамасы 500 метр тас жолмен жүріп, бірінші белгіге тап боласыз. Міне, бұл сіздің сапарыңызды басы.
Осы бағытпен алдымен Кімасар шатқалына жетуіңіз керек. Жота бағдары алдымен орман бойымен, сосын «әткеншек» деп аталатын жерден өтіп, тауда шынайы алтыбақан тұрған ашық жазыққа шығады. Айтпақшы, қыс мезгілінде де бұл бағыттың сұранысы жетерлік. Өйткені, мұнда сырғанау төсеніштерімен (ледянка), шаңғымен, қардың үстімен жүретін тақтайшалармен (сноуборд) сырғанағанды ұнатады. Әткеншек 2520 метр биіктікте орналасқан. Әдемі жерде суретке түсіп, демалып алуға болады.
«Әткеншектерден» кейін Фурманов бөктеріне дейін не бары 30 минут қалады. Осы жерден шыңның өзіне шығу басталып, ал тағы жарты сағаттан кейін сіздер Алматы қаласының шолу нүктесінде тұратын боласыздар.
Шыңға жету уақыты сіздің жылдамдығыңызға байланысты. Негізі жол тым алыс емес, дегенмен жолдың ұзындығына байланысты оны орташа қиындыққа жатқызуға болады. Барып қайту шамамен 14-15 шақырымды құрайды. Шыңға көтерілу уақыты шамамен 4,5-5 сағатты құрайды.
Тауға шыққанда жолдорбаңызда болуға кажет заттар: Ішетін су, көбірек болғаны жақсы, термосқа ыстық шәй, қуат беретін тамақ алыңыз. Дәл осы бағытқа тартсаңыз, жол-жөнекей таудың ағын суы кездеспейді. Сол себепті ыстық күнде шөлдеп, әлсізденіп қалуларыңыз ықтимал. Сонымен қатар арнайы аяқ киім, күннен қорғайтын крем, басыңызға және денеңізге ыстық және су өткізбейтін киім, аяғыңызға салмақ түспес үшін таяқтар алғаныңыз дұрыс. Егер қонуға барсаңыз, шатыр мен отыруға арналған көрпеше алып шығыңыз. Бұндай сапарға жалғыз шықпаңыз. Қасыңызға достарыңызды ертіңіз, немесе таулы жерлерді жақсы білетін гид мамандармен барыңыз.
Толық видеоны мына сілтеме арқылы көре аласыздар.