Миланда Қазақстан үшін маңызды шешім қабылданды. Olympic Council of Asia басшылығы мен қазақстандық ұйымдастыру комитеті ойындар өтетін қаланы бекіту туралы келісімге қол қойды. Бұл қуантарлық жаңалық шығар, десе де халықаралық жарыс тек мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік пен қомақты шығындарды талап етеді. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі Азиадаға әлем елдерінің жұмсаған шығындарын есептеп, Алматы дайын ба деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Шөл даладағы алып арман
Бастапқы жоспар бойынша қысқы Азия ойындары ыстық Сауд Арабия елінде өтуі тиіс еді. Жарыс елдің солтүстігіндегі Табук өңірінде салынып жатқан футуристік Неом қаласының құрылысы аяқталуына орайластырылған. Жоба - Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның жеке бастамасы. Өршіл арабтар тіршіліксіз шөлде бұрын-соңды болмаған болашақ қаласын салуды ойластырды. Ол үшін 500 млрд долларға жуық қаражат жұмсау көзделген. Неомның басты символы - ұзындығы 170 шақырымға созылатын зәулім ғимарат болуы керек еді. Барлығы бірыңғай бизнес-хабқа біріктірілген 10 секторды пайдалануға беру жоспарланған. Трожена деп аталатын алаңдардың бірінде бірегей тау шаңғысы курортын салып, дәл осы жерде 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу жоспарланған болатын.
Алайда мегажобаның жүзеге асу жолында күрделі мәселелер туындады. Британдық ITV арнасында көрсетілген «Әшекейсіз патшалық: Сауд Арабиясының ішкі көрінісі» атты деректі фильмде NEOM құрылысы басталғалы 21 мың еңбек мигранты қаза тапқаны айтылады. Hindustan Times дерегінше, тағы 100 мың адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Ал The Guardian зерттеуі 2022 жылы бұл құрылыста күніне орта есеппен төрт адамнан астамы қаза болғанын көрсеткен.
Халықаралық сын, адам құқықтарына қатысты дау және қаржылық қиындықтар Сауд Арабиясындағы жобаның жұмыстарына кедергі жасады. Салдарынан қысқы Азия ойындарын өткізу жоспары да күшін жойды.
Таңдау — Алматы
Қытайдың Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Азия ойындарын өткізу құқығы Алматыға берілген. Бір қарағанда дұрыс шешім сияқты. Себебі қалада 2011 жылғы Азия ойындары мен 2017 жылғы Универсиададан қалған инфрақұрылым бар.
Алайда сол нысандардың қазіргі жағдайы бөлек әңгіме.
«Медеу» жоғары таулы мұз айдыны (1972) — Алматының символы. Бүгінде нысанның тозығы жеткен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Қала билігі мұз айдынын 2025 жылдан бастап толық жаңғыртып, 2027 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты (1950) — жұмыс істеп тұр, халықаралық жарыстар қабылдай алады.
Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы (1967) — күрделі жөндеу мен техникалық жаңғырту қажет.
«Алатау» шаңғы-биатлон кешені (2010) — трассалар жаттығу үшін қолданылады. Алайда құрылыс кезіндегі қателіктер салдарынан әкімшілік ғимараттар отырып, бір бөлігі апатты жағдайда қалған. Құрылыс компаниясының банкрот болуы мен сот процестері салдарынан жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.
«Халық Арена» (2016) және «Алматы Арена» (2016) — жұмыс істеп тұрған заманауи нысандар.
«Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешені (2010) — секіруге арналған синтетикалық жабын пайдалану мерзімінен асып кеткен. Қазір ол халықаралық федерациялар талаптарына сай келмейді. Жабынды толық ауыстыру және жабдықтарды жаңарту қажет, ал бұл — қомақты шығын.
«Табаған» спорттық-сауықтыру кешені (1950) — жұмыс істеп тұр.
Қаражат мәселесі
Қысқы Азия ойындары арзан жоба емес. Дядя Ваня арнасы соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ойындарға жұмсалған қаражатты есептеді.
Аомори–2003 (Жапония) — дайын инфрақұрылымның арқасында ойындарға бар жоғы 32,5 млн АҚШ доллары жұмсалды.
Чанчунь–2007 (Қытай) — негізгі инвестициялар спорт нысандарын жаңғырту мен көлік инфрақұрылымына бағытталды. Нақты бюджет ашық жарияланбады. Тек тау курортының өзіне 15,5 млн доллар жұмсалғаны белгілі. Бұл жарыс өңірдің ірі инфрақұрылымдық дамуына жол ашты.
Алматы мен Астана–2011 (Қазақстан) — Азия ойындары тарихындағы ең қымбат жоба. Жалпы шығын 1,6–1,65 млрд АҚШ долларын құрады. Оның 1,4 млрд доллары спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға жұмсалды. Ұйымдастыру шығындары — 250 млн доллар.
Саппоро–2017 (Жапония) — бар инфрақұрылымды пайдаланылып, бюджет 3,5 млрд иенмен (шамамен 31 млн доллар) шектелді.
Харбин–2025 (Қытай) — нақты шығын көлемі жарияланған жоқ. Ойындар Қытайдың «мұз экономикасын» дамыту стратегиясының бір бөлігі болды. Бұл саланың көлемі 2027 жылға қарай 165,5 млрд АҚШ долларына жетуі тиіс.