Алматыға Қаскелең мен Талғардан электр пойызы қатынауы мүмкін

Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев президенттің қатысуымен өткен шаһарды әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде қала басшысы адамдар мен көліктердің күнделікті қатынау көші-қонын төмендету үшін, қала сыртындағы қоғамдық көлікті дамыту керегін атап өтті.

«Біздің тарапымыздан тиісті шаралар қабылданып жатыр. «Алматы-Ұзынағаш» бағытындағы пойыз рейсінің саны арттырылды. Жаңа жылдан бастап қапшағайлық бағытты іске қосамыз», - дейді Сағынтаев.

Сондай-ақ, Алматы әкімі еңбек көші-қоны бойынша адамдардың Талғар мен Каскелеңнен көптеп қатынайтынын айтты. Өз кезегінде ол мемлекет басшысынан аталған бағыттар бойынша электр пойызын енгізу мәселесін қарастыруды сұрады.


«ҚТЖ-мен электричкаға арналған темір жол құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар бар. Үкімет пен «Самрұқ-Қазына» қорына әкімдікпен бірлесіп осы маңызды әлеуметтік жобаны дайындап, оның кезең-кезеңімен ісек асырылуын бастауды тапсыруды сұраймыз», - дейді қала басшысы.