Алматыға шетелден келген ұстаздар девальвациядан жалақыларының азайғанын айтып Назарбаеваға мұңын шақты

Алматыға келсе білім ошағына кірмей кетпейтін Дариға Назарбаева бұл жолы да сапарын оқытушылармен кездесуден бастады. Ал ұстаздар қауымы оған бірден қаржылай қиындықтар туралы айта жөнелді. Теңгенің құнсыздануы, әсіресе, америкалық үлгідегі КИМЭП-ке ауыр тиіп жүр екен.

Дэвид Лэндис, КИМЭП профессоры:

-Теңге девальвациясы өте жаман,  осы уақыт өте қиын. Мүмкін 3-4 жылдан кейін жақсырақ уақыт келеді. Бірақ, қазір қиын.

Аз ақшаға көнгісі жоқ кейбірі тіпті кері қайтуды ойластырып жүр екен. Ол аздай, Білім министрлігі де, кілең шетелдік мұғалімдерді шақыртатын оқу орындарына талапты күшейтіп жіберіпті.   

Чан Ян Бэнг, КИМЭП президенті:

-Шетелден алдыратын оқытушыларымызға жұмысқа рұқсат қағазды созбалаңға салып жіберді. Көбі, күтіп шаршайтыны сонша, соңынан мұнда келуге бас тартып жатады.

Қашан да білім саласына көңіл бөліп отыратын Дариға Назарбаева жоғары оқу орнына жәрдемін аямайтынын айтты. Қағазбастылықты азайтқанымен, қаржылай қыспақтардан бірлесіп шығу қажет деді ол америкалық мұғалімдерге ағылшын тілінде.    

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бұл дағдарысты жалғыз біз емес, көптеген мемлекеттер бастан өткеруде. Мұнай бағасы күн санап арзандап жатыр. Жағдайдың қашан тұрақталары да белгісіз. Бірақ, біздің Елбасы жүктеген бір міндетті ұмытпауымыз қажет. Ол – білімді ұрпақты тәрбиелеу. Сол себепті, қаржылай қыспаққа түстік екен деп білім беруді тоқтатуға тиіс емеспіз.

Намысты қамшылағанымен, Дариға Назарбаева білім ордаларының бәрін бірдей басынан сипай қойған жоқ. Әсіресе, дәрігерлерді дайындап жатқан ұлттық медицина университетінің басшысына шүйлікті.

- Коррупции нет у вас?

- Нет коррупции.

- Не продаёте зачёты, экзамены?

- Что вы, что вы...

- Точно?

- Точно.

- Тогда откуда плохие врачи берутся?

Вице-премьер студенттерді сылбыр оқытатын оқу орындарына кешірім болмайтынын қатаң ескертті. Бұл, әсіресе, дәрігер мен мұғалімдерді даярлайтын білім ошақтарына қатысты айтылған сын. Өйткені жұрттан түскен шағымдардың көбі осы сала мамандарына тиесілі екен. 

Loading...