Алматылық әйел қызының еміне деп халықтан жинап алған 12 миллионды қайда жұмсаған?

Десе де, Ақмарал Жақсылықова еріктілерден алған ақшасын сот міндеттесе де қайтарғысы жоқ. Керісінше, қызының еміне ақша жинаған қыз-жігіттердің өздерін жазғырып, сотқа берді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.  

Бақтияр Жылқыбаев ағасының қызына бүйрегін бөліп берген. Алайда, бауырынан барын аямаған жігіт ауруханадан шыға сала шалқасынан түскен. Өйткен, жеңгесі донордың ақысына деп ел-жұрттан бақандай 12 миллион теңге жинатып алыпты.  

- Жеңгеммен де, ағаммен де  қалай операция өтті қатынасымыз жоқ, араласпаймыз да. Сотқа берген себебім, әділдік шешілсін деп бердім. Менен жасырған біріншіден. Ақшаны есептеп, мына қайырымджы жандар тобына есептеп қайтарса, Қазақстанда көп бүлдіршіндер қаражат қажет ететін. Ауырып жатқан. Сол адамдарға берілсе, хоть бір адамның өмірін құтқарып қалар еді, - дейді Бақтияр.

Отаның тегін өткенін айтқан жігіт жеңгесін сотқа берді. Айтуынша, Ақмарал Жақсылықова «қызымың еміне» деп 12 миллион теңгені қайырымды жандардан негізсіз жинап алған. Енді сол ақша өзге мұқтаж сырқаттарға қайтарылуы тиіс деп есептейді. Халықтан емге деп жинаған қыруар қаражаттың қайда кеткенін қыздың ата-анасы еріктілерге де ашып айтпаған. Миллиондарды дәрі-дәрмекке жұмсадық деп жылы жауып қоя салыпты. Дегенмен, дәрігерлер бұған да ақша кетіп жатқан жоқ дейді.        

- Жанель Жайлауова емді тегін қабылдап жатыр. Дәрі-дәрмегі де тегін. Қазіргі жағдайы қалыпты. Оңалту шарасы жүйелі жүріп жатыр, - дейді дәрігер Зейнеп Жұмағұлова.


Ал «Қайырымды жандар» тобының еріктілері, тіпті, түнде де түрлі акциялар ұйымдастырып, Жанельге көмектесу үшін жанын салған. Екі бүйрегі де істен шыққан жеткіншекке ақша салмаған жан қалмаған. Сол жанашыр жандардың арқасында қажетті сома лезде жиналған.       

- Еріктілер тобының бастамасымен жиналған қаражатқа бүкіл халықтың үлесі бар. себебі, бұны тек біздің тобымыз ғана жинаған жоқ. Алматы, Ақтау, Шымкент, Жезқазған қалаларындағы еріктілеріміз жинады.Соттың шешімінен кейін Ақмарал Жақсылықованың қайтаратын 10 млн теңгесін біз халықтың алдында барша ауру балаларға бөлетін боламыз, - дейді ерікті Мәулен Алғазы.

Қайын інісі сотқа берген Ақмарал Жақсылықованың өзі телефонын сөндіріп тастаған. Дегенмен, келіншек қайырымды жандардан ақша жинап алған 12 миллионның 10 миллионнын қорға қайтарып беруі тиіс. Қазір бұл әйел соттың бұл шешіміне бағынбай, аппеляцияға шағым түсіріпті.