Бұндай көрсеткіш мегаполистің тек бір ауданында ғана есептеліп отыр. Қарызгерлердің айтуынша негізгі себеп - тұрақты жұмыстың болмауы. Аудандық прокуратура қызметкерлері алимент төлеушілерге жұмысқа орналасуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
25 жастағы Ғалым Төремханның отбасы әдеттегі ұрыс-керістен соң ойран болған. Екі жыл бір шаңырақта тұрған жас-жұбайлар айрылысып кетеді. "Бір жасар балама алимент төлеуге шамам болмады", - дейді ол. Ай сайын қарыз өсіп, 700 мың теңгеге жеткен.
"Мінезіміз сай келмегесін, ажырасып тындық. Одан кейін әйелім алимент төлеуімді сұрады. Басында бір жыл төлей алмай жүрдім. 700 мыңдай болды. Қазір 350-370 мың қалды", - деді Ғалым Төремхан.
Дәл осыған ұқсас оқиға Ғалинұр Жиесовтің де отбасында болған. Әкесінен алимент ала алмай артында үш бірдей баласы қалды. Бір жылда ер азамат ешбір төлем жасамаған. Жұмыс жоқ деп ақталады өзі.
"Бір жыл бұрын ажырасып кеткенбіз. Үш балам бар - жеті, алты, үш жаста. Жұмыс таптым. Алдағы уақытта міндетті түрде алимент төлеймін", - дейді Алматы тұрғыны Ғалинұр Жиесов.
Қарызгерлердің көпшілігі жұмыстың жоқтығына шағымданады. Алатау аудандық прокуратурасында біраздан бері қарызгерлерге жұмыс тауып беріп көмектесуде. Соның арқасында алмент төлемей жүрген азаматтардың саны азайып қалды. Бүгінде "қара тізімге" ілінгендер 102 адам. Алайда олардың ортақ соммасы 18 миллион теңгеге жетіп отыр.
"Уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс беру жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Соның негізінде азаматтардың алимент бойынша қарыздарын өтеу үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігі болады", - деді Алатау аудандық прокуратура бөлімінің бастығы Темірлан Қанатжанов.
Қазіргі таңда жұмыс іздеп келгендердің саны - 150. Олардың алпыс шақтысы ары қарай жұмысқа орналасатын тағылымдамадан өтті. Арасында кассир, маркетолог немесе жүргізуші жұмысын тапқандар бар.