Алматылық дәрігерлер соқырішекті анықтай алмай,16 жастағы қыз көз жұмды

Соқырішекті анықтай алмай жалғызымыздан айырылдық! Ақ халаттылардың сөзіне сеніп, мүлде басқа дертпен емдеппіз деген отбасы 16 жастағы қызынан көз жазып қалды. Миллиондар тұратын мегаполисте дәрігерлер анализ алмай, әуреге салып, уақытты текке жоғалтқан, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қапияда жалғызынан айырылып қалған отбасы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағанына қынжылуда. Әуел баста қолындағы бөртпелерін көріп "қызылша" немесе "аллергия" десе, кейіннен сырқаты қоймаған соң "көмейдегі бадамша бездерінің қабынуы" деп ем-дом жасауды нұсқапты. Дертінен айықпаған өрімдей қызымыздан дер кезінде анализ алмағандықтан осындай жағдайға тап болдық, дейді анасы.

– Корь болса корға анализ алыңыздар келіңіздер үйге анализ алыңыздар дедік. Солай деп едім, "Бізде ондай не жоқ, анализ ала алмаймыз", деді. Үш күн жүріп уақытты алып алғансыздар соқыр ішегі жарылып кеткен деп сөйтті, – дейді марқұмның анасы Жанар Сапарғалиева.

Анасының айтуы бойынша, Лаура есімді қыздары бұрын қатты бір сырқаттанып көрмепті. Бұл жолы қызуы 39-ға дейін жетіп, оны арнайы дәрілермен түсіріп отырған. Қызылша деген соң өзге бір дертке шалдықты деген үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеді дейді. Ал, арада төрт күн өткеннен кейін ғана толық тексерудің нәтижесі бойынша "соқырішек" ауруына шалдыққандығы анықталған.

– Қалқаманға апарып едік, сол жерден өздері "соқырішек" деп анықтады. Өкпесі таза деді. Рентгені шықты. Одан кейін ЭКГ-сын жасады. Анализдерінің бәрін алды. Соясымен беларубин көп болып тұр. Балада признак соқырішек жарылып кеткен деді, – дейді марқұмның анасы Жанар Сапарғалиева.


Дереу арада ота жасап, содан кейін бойжеткенді палатаға ауыстырған. Бірақ, сол түні жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне түсіпті. Бұдан кейін комадан бірақ шыққан. 20 тамыз күні Лаура бұл жалғанмен қош айтысқан. Ал, қалалық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта бұл іске қатысты арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.

Ләйлә Иманғалиева, қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрілік қамтамасыз ету және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы:

"Қазір бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар да жұмылдырылды. Қызметтік тексеру басталды. Комиссияның тексеру нәтижелері туралы ақпарат қорытындысы шыққаннан кейін ата-анасына хабарланады. Бұл мәселе басқарманың ерекше бақылауында. Барлық қажетті шаралар қабылданады".

Үш рет жедел жәрдем көлігін шақырып, екі рет жергілікті емханаға қаралғанымен, нақты диагноз қойылмады деген Жанар Сапарғалиева сап-сау қызынан көз жазып қалғанына әлі де сене алар емес. Енді, бұл істің ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы органдарға арызданамыз деп отыр.