Алматылық кәсіпкер әйел өз иелігіндегі ғимаратты аудандық әкімшілік заңсыз бұзды деп айыптауда

"Кәсіпкер Әуезов ауданының әкімі Әділ Несіпбаевтың іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды соттан сұрайды. Өйткені, оның бұйрығымен әйелге қарасты аялдама кешені соттың шешімінсіз бұзылған",- деді кәсіпкерлер мен жекеменшік иелерін қорғау одағының президенті Василий Резван шағымның мәніне қатысты түсініктемесінде.

Кәсіпкердің айтуынша, 2003-жылы ол "Шаңырақ-1" ықшамауданында жер телімін жалға алып, ол жерде сөйлесу бөлімшесі, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханасы мен ұялы байланыс телефондарын сататын дүкені бар аялдама кешенін салған. Алайда, Ж. Тәңірбергеновтың айтуынша, 2006-жылдың қыркүйегінде әкімшілік қызметкерлері оған кешеннің бұзылатындығы және оның орнына автотұрақ салынатыны туралы хабарлаған. Кәсіпкердің айтуынша, оған 15-17 мың теңге көлемінде өтемақы ұсынылған. Ал 6-қарашада әкімшіліктің қала құрылысы жөніндегі кеңесінде кешенді қирату туралы шешім қабылданып, 20-желтоқсанда барлық құрылыс құлатылды.

Тәуелсіз бағалаушылардың пайымдауынша, кәсіпкер сауда-саттық жабдықтарын қосқанда 300 мың доллар көлемінде шығынға ұшыраған. В.Резванның айтуынша, сауда-саттық жабдықтарын "КамАЗ-ға тиеп белгісіз бағытта алып кеткен".

Ж. Тәңірбергеновтың шағымы бойынша сот мәжілісі 25-қаңтарда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта өтеді.

Ж. Тәңірбергеновтың айтуынша, оның арызы бойынша Әуезов аудандық прокуратурасы сонымен бірге 22-желтоқсанда бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір осы іс бойынша Әуезов аудандық ІІБ-ында алдын-ала тергеу жүргізілуде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті