Алматылық кәсіпкерлер әуе желілерін Астанаға көшірудің тиімділігіне күмән келтіреді

Мәселен, жиҺаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы Евгений Бессоновтың айтуынша, "кезекті әкімшілік тосқауыл қою арқылы министрлік Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ауыр соққы жасап отыр". Кәсіпкерлердің есептеуінше, әуе желілерін ауыстыру салдарынан ұшақпен тасымалданатын тауарлардың бағасы айына 62 млн. теңгеге қымбаттамақ.

Алматылық кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Марал Томпиевтің айтуынша, "қазіргі қалыптасып отырған жағдайда шағын және орта кәсіпорындардың банкроттыққа ұшырауы салдарынан Алматы мен республикалық бюджеттің қаншалықты шығынға ұшырайтынын алдын-ала есептеу қиын". Осы орайда ол "Алматы республикалық бюджет түсімдерінің 30 процентін қамтамасыз ететінін" атап өтті.
Кәсіпкерлердің пайымдауынша, еліміздегі ең ірі 14 әуежайды бірдей дамыту қажет. Алматылық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаевтың айтуынша, "еліміздің кез-келген өңірінің тұрғындары өз қаласынан қалаған бағытта ұша алуы үшін шетелдік тасымалдаушыларға еліміздің аспан кеңістігін айқара ашу қажет".
В.Ямбаевтың хабарлауынша, Алматылық кәсіпкерлер жуырда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовқа аталмыш жағдайға түсініктеме беру туралы өтініш жасап, 2005-жылдың наурыз айының басында мүдделі тараптарды жаппай жинап әуе желілерін ауыстыру туралы шешімнің экономикалық тиімділігі хақында келіссөздер жүргізуді ұсынбақ.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен 2005-жылдың 1-қыркүйегінен бастап халықаралық әуе желілері Алматыдан Астанаға ауыстырылады.
Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.