Алматылық шағын футболшылар «Орал кубогы» турнирінде екінші орын алды

Онда «Қайрат» пен «Тюмень» командалары бірдей 13 ұпай жинағанымен доп айырмашылығымен түмендіктер бірінші, алматылықтар екінші орын алды. Түмендіктермен 4:4 есебімен тең түсіп, қалған ойындарда басым түскен алматылықтар қарсыластар қақпасын 18 рет дәл көздеп, өздеріне 13 доп жіберіп алды. Түмендіктер болса қарсыластарына 20 доп соғып, өз қақпаларына 11 доп жіберген болатын.

Жарыс қорытындысында 3-4 орынды да 7 ұпайдан жинаған жарыс қожайындарының «Синара» мен Норильскінің «Норильский Никель» командалары бөлісті. Ал Новосібірдің «Сибиряк» командасы 3 ұпаймен бесінші орын алса, қоржыны бос қайтқан Жаңа Уренгойдың «Ямал-НУБК» командасы турнир кестесіндегі соңғы орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ алматылықтар «ең үздік қақпашы» аталымында, новосібірліктер «үздік қорғаушы», екатеринборлықтар «үздік шабуылшы», түмендіктер «үздік мерген», «үздік ойыншы», норильсктіктер «ең бағалы ойыншы», жаңа уренгойлықтар «көрермен көзайымы» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.