Кеше ғана жаз шығарып, жеңіл киінген алматылықтар бүгін қымтанып алған. Түнде басталған қар әлі толастар емес. Температура да қардың ызғарынан -7 градусқа дейін төмендеп кеткен. Табиғаттың осындай тосын мінезі тұрғындарды әбігерге салуда.
Таңнан бері көліктер осылай батып жатса, тас жолдардағы темір тұлпарлар қарадай қағылып діттеген жеріне жете алмай жатыр. Доңғалақтарын жазғысына ауыстырып алып, көше ортасында соқтығысып жатқан машиналар да жетіп артылады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:
-Алматы қаласы бойынша 15 жол көлік оқиғасы тіркелді. 12 адам зардап шекті. Олардың дене жарақаттары орташа және жеңіл түрде екені анықталды.
Жыл сайын қалың қарға төтеп бере алмай сынға қалатын әкімдік бұл жолы да түнімен қар күредік деп отыр. Десе де, оны толықтай тазарту әзірге мүмкін болмай тұр. Өйткені ақ ұлпаның қалыңдығы бір түннің өзінде 30 см-ге жуықтаған. Ал, тау бөктеріне жақын аудандарда тіпті жарты метрден асып кетіпті. Сондықтан жол тазалауға шыққан жүздеген техника үлгере алмаған.
Еркебұлан Оразалин, Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы:
- Түнгі уақытта 465 арнайы техника жұмылдырылған қарды тазартуға. 800-ден астам жұмысшылар жұмыс істеді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс ары қарай жалғасуда.
Ауа райы тек Алматыда ғана емес еліміздің бірнеше өңірінде де қыңыр мінез танытып тұр. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында бұрқасын жел мен көктайғақ кесірінен жолдар жабылған.
Қыс бойы жаумай, сәуір таяғанда түскен қар басшыны да қосшыны да қапылтқаны анық. Өйткені бес қаруын сайламаған жауаптылар енді ақұлпа жапалақтап жаумайды деп ойласа керек. Сондықтан бұл жолғы қар шенділердің тосын жағдайға деген дайындықтарын пысықтап бергендей.
Loading...