Алматылық волейболшылар Ұлттық лигадағы ел чемпионатында көшбасшылықты қайта қолына алды

Еске салайық, жарыстың алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша "Алматы" мен "Атырау" командалары турнир кестесінде 28 ұпаймен қатар келе жатқан еді. Алғашқы 2 турда «павлодарлықтардан» 3:0, 3:1 есебімен басым түскен «атыраулықтар» кеше күтпеген жерден 1:3 есебімен жеңіліс тапты. «Алматылықтар» өскемендіктерді («Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс») 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, жеңісті сериясын (3:0, 3:1) одан ары жалғастырды. Ал үздік үштікті түйіндеп тұрған Оралдың «Конденсаты» қызылжардың «Есілін» 3:1 есебімен ұтып, 27 ұпаймен атыраулықтарды өкшелеп келеді. Оралдықтар қызылжарлықтарға 1-ші турда 2:3 есебімен ұтылып, 1 ұпайды қанағат тұтса, 2-ші турда 3:0 есебімен ойсыра ұтып, 3 ұпайды түгел өз қоржынына салған еді.

Бүгін енді «Павлодар» мен «Есіл», «Алматы» мен «Атырау», «ТНК Қазхром» (Хромтау) мен «Шығыс-қорғасынҚұрылыс» өзара күш сынасады. Павлодарлықтар өз қарсыласына бұған дейін 2 рет 3:1 болып ұтылса, алматылықтар атыраулықтарды 3:0, 3:1 есебімен жеңіп, өз басымдығын танытқан. Хромтаулықтар болса алғашқы турда 3:0 есебімен жеңгенімен, екінші турда 2:3 болып жеңіліп, ұпай бөліскен еді. Ертең командалар бір күн тынығып, 13-15 күндері жарысты одан әрі жалғастыратын болады.