Алматылықтар бір айда 70 млн теңгеге VIP нөмір сатып алған

Бұл туралы Baq.kz ақпарат порталы қалалық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сүйеніп хабарлайды.

Былтыр қаңтар айында 35 миллион теңгеге тек 91 нөмір белгілері сатылған.

«Бүгінгі таңда Алматы бойынша жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркелген нөмір белгілерін қаладағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында полиция қызметкерлері қабылдауда. Одан кейін өтініштер жүйеленіп, әкімшілік полиция Комитетіне жіберіледі», - деп түсіндірді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының тіркеу және сараптама бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұрлан Аманбек.

Сонымен қатар, ол көлік иесі мемлекеттік нөмірдің сандық және әріптік таңбаларын таңдай алатынын алға тартты.

Жоғары сұранысқа ие нөмірлер:


— 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 (бағасы 57 АЕК). Осы нөмірлер бірдей әріптік таңбаларымен (бағасы 114 АЕК);

— 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 (бағасы 137 АЕК). Осы нөмірлер бірдей әріптік таңбаларымен (бағасы 194 АЕК);

— 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 (бағасы 228 АЕК). Осы нөмірлер бірдей әріптік таңбаларымен (бағасы 285 АЕК).

Бірдей әріптік таңбалы нөмірлер (мына санды нөмірлерді қоспағанда: 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 707, 777, 800, 888, 900, 999) (бағасы 57 АЕК).

2018 жылдың айлық есептік көрсеткіші (АЕК) — 2405 теңге.