Жер асты өтпе жолынан мүңкіген иіс мұрынды емес-ау, миды бір-ақ тесіп өтеді. Бетті бүркемесек, тұншығып қалатын түріміз бар. Көлік қозғалысы қалың алматылықтар күнделікті осындай жолдармен жүреді.
Мына жер асты жолына тазалықшылар салынғалы бері бас сұқпаса керек. Көрсе, кісі шошырлық. Қоқыс пен нәжістен аяқ алып жүру мүмкін емес.
Әсия Кегенбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Көрініс деген, міне, осы. Елдің бәрі сиіп-тышып тастаған, қалай болса солай. Шашылған қоқыс. Әйтеуір өту керек. Жолдың үстімен өтуге болмайды. Сондықтан да елдің бәрі осымен өтеді. Бала-шаға өтеді, үлкен кісілер өтеді. Бірақ иісі осы мұрын жарады. Демалу деген күш.
Иіс қолқаны қанша қапса да, жұрт жер астына амалсыз түседі. Өйткені жүрер өзге жол жоқ. Жиналмаған қоқыс, ішінде, тіпті сығырайған шамы да жоқ. Ал мынау қаланың қақ ортасындағы өткел. Көпірді көптен бері қаңғыбастар мекен етіп жүр.
- Мен осында тудым. Осында тұрып жатырмын. Қыстыгүні ішінде қонам. Басқа қайда барам, менің үйім осы!
Қанат Қожанақов, Алматы қаласының тұрғыны:
- Өткенде бір кемпірді тонап кетті осы жерден. Бір апаны. Сумкасын алып, астынан қашып кетті.
Көлігі де, кісісі де көп Алматы қаласында мұндай 40 шақты жер асты жолы бар. Біреуінің құны 200 миллионнан- миллиард теңгеге дейін барады. Нысандар «Алматы Паркинг» мемлекеттік мекемесіне тапсырылған. Бірақ олардың да жарытып қарап жатқаны шамалы.
Ақан Жиенбаев, «Алматы Паркинг» МКК заңгері:
- Мемлекеттен ақша бөлінбейді. Түсінікті ма? Ақша бөлінбейді. Оған миллиондаған ақша керек. Себебі, ремонты бар, ертең видеожазбаларды қондырсақ, күзетшісін қойсақ, күнде тазалап, бір- екі дворник алатын болсақ, бәрі қаражат қой. Сондықтан бір жер асты өткеліне бірнеше млн. теңге кетеді.
Қолда бар жер асты жолдарын жөнімен пайдаланбай жатып, қалалық әкімдік тағы да су жаңа 16 өткел салмақшы. Ал оның әрқайсының құрылысы мемлекет бюджетіне кем дегенде жүздеген миллион теңге салмақ түсіреді. Тек сол өткелдер дәліз емес кәрізге айналмасына кепілдік тағы жоқ.