Фильм авторы Ұлттық ғарыш агенттігінің баспасөз хатшысы, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі, «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің арнаулы тілшісі Сара Нұрғалиева.
Сара Қабиқызы бұл фильмді 33 жыл бойы ғарыш саласында жинаған материалдары бойынша түсірген. Мақсат - есімі әлемге әйгілі отандасы туралы қазақстандықтардың мағлұматын кеңейту. Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ресей батыры, техника ғылымдарының докторы. Т. Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ғарышқа өзімен бірге қасиетті Құран кітабын және Қазақ елінің көк байрағы мен Байқоңырдың бір уыс топырағын алып ұшқан ол онда 1 жылдай болып келді. Фильмде ғарышкер «менің ғарышқа ұшуыма тікелей септігін тигізген бірден-бір тұлға ол - Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Маған Отаным бәрін берді, мен енді Отанымнан алғанды қайтаруым керек», - дегенді айтады.