Бұл – Бегалин көшесін бойлай сәуір айынан бері көтерілген темір қоршау. «Эксклюзив-строй Grup» компаниясына мұнда көпқабатты тұрғынүй кешенін салмақшы екен. Енді сол құрылыстың жұрт мазасын қашырып жатқаны бар. Ең бірінші қиындық – үйлеріне кірер жолдың жабылғаны.
Игорь Волохов, Алматы қаласының тұрғыны:
-Былтыр күзде ана жақтағы құрылыс басталып еді. Енді, міне, биыл мына нысан көтерілді. Ақшасы бар, салса салсын дейсін ғой. Тек жұрттың жағдайын неге ойламайды? Көшемізді жауып, жолсыз қалдырды.
Сөйтіп, компания тар көшені тамаша қылып отыр. Әсіресе, көлігі барларға жол мүлдем жабық. Оның үстіне, құрылыс нысанының төбесінен түрлі қалдықтардың да ұшатыны бар.
Төбеден түскен сондай арматураның бірі таяуда 53 жастағы азаматты жаралап, ауруханаға түскен. Ал шашылған шегеден доңғалағы тесіліп, талай көлік бүлініпті. Жұрт сақтық үшін жолды тазартуға мәжбүр.
Жұрт заңның өрескел бұзылып жатқанын жазып, құзырлы орынның бәріне шағым түсіріпті. Бірақ мәселе шешілер емес. Керісінше, компания атынан тұрғындарға сес көрсетіп келушілер қатары көбейген. Әкімдік енді ақталып отыр. Айтуларынша, «Эксклюзив-строй Grup» құрылысты тіпті рұқсатсыз бастаған.
Бақыт Әбділов, Алматы қалалық Мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл құрылыс заңсыз басталған. Сәулет құрылыс заңына сәйкес, әкімшілік кодекске сәйкес шаралар қоданылған. Тоқтатуға нұсқама берілген. Бүгінгі күні құрылыстың сараптамасыз, техникалық қадағалаусыз құрылысты бастаған тапсырушыға әкімшілік шара қолданған.
Ал компания осы нұсқаулықтың өзін де елемей отыр екен. Сондықтан Сәулет-құрылыс басқармасы енді сотқа жүгінбекші. Бірақ іс тергеліп біткенге дейін ақшалы фирма құрылысты аяқтап үлгеретін тәрізді.
Loading...