Алматының атақты барахолкасында тағы өрт шықты

Барахолка отқа оранды деген ақпарат қас қарайғанда түсті. Бұл жолы тілсіз жау «Юпитер» базарынан шыққан. Жалын тез ауыздықталмаса айналадағы базарлардың да жермен жексен болары бесенеден белгілі. Өрт сөндірушілер өртпен бас қайғы боп жүргенде, саудагерлер іштегі тауарларын алып шығуға талпынды.

-  Тасыңдар, алыңдар! Бол

Қисапсыз құтқарушылар жеткенімен 500 шаршы метрге жуық аумақты жалын шарпып үлгерген. Темір контейнерлердегі құны қып қызыл қаржы тұратын заттардың күлі көкке ұшты. Сауда орындарын қоғадай жапырған қызыл жалынды Алматының аязында ауыздықтау қиямет. Ашуға булыққан елді тоқтату полицейлерге тіптен ауырға соқты.

-Алматының бейресми брендіне айналған Барахолкада қас қарая тұтанған тілсіз жау міне түн ортасы ауғанда ғана толықтай ауыздықталды. Төтенше жағдайлар қызметінің берген мәліметінше “Юпитер” деп аталатын жалғыз базар ғана өртенген. Бұл жерге қазір ішкі әскер қызметінің сарбаздары тартылған, олар апат аумағын толықтай бекітіп тастады. Мұнда өтпейсің өтсең қайтып кетпейсің деген қасаң қағида. Мұның барлығы өрттен аман қалған тауарларды көлденең көк аттылар қолтықтап кетпеуі үшін жасалып жатқан қауіпсіздік шаралары.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД өрт бақылау басқармасының бастығы:

-Бұл жерге 100-ден астам өрт сөндіру техникасы, 890 қызметкер жұмыс істеп жатыр. 500 адам полиция қызметкерлері, 200 ішкі істер қызметінен сарбаздар алып келді.

Таң атысымен бұл маңай жылан жалағандай, кеше түнгі қапылыстың табы да білінбейді. Тауарларының амандығын біле алмай, ішке кіре алмай жүрген саудагерлер бастарымен бас қайғы. Қашанғыдай апаттың себебі беймәлім, салдары көзге ұрып тұр. Бұған дейін бірнеше базарды қатар талқан қылған өрт әдейі қойылған деген қорытынды шыққан. Бұл жолғысы да қыр астынан келген жоқ деп қаймығады қараша.


Бұлбұл Қабаева, саудагер:

-Бесінші тұйықталу  болуы мүмкін емес. Оны біреу «әдейі келіп өртеді» деп ойлаймыз. Осы барахолка қанша жыл тұрды ешқашан өрт болған жоқ. Ал мына қатарда 5 өрт болды, бір жылда. Ана жақта басқа базардың құрылысын дұрыстап жатыр ғой. Сол жаққа барсын деп бізді әдейі өртеп жатыр.

Жапа шеккен жұрттың аузында осы жалғыз арыз ғана, жаңадан жарақталып жатқан Алматаның күнбатысындағы базарға тықсырудың амалы дейді. Қызыл жолаққа түсіп рұқсатсыз тұрған Барахолканың басқа базарлары бүгін дереу күзеттерін күшейтіп жатыр.

-Түнімен тілсіз жау жалмаған «Юпитер» базары мен оның қапталындағы Алатау-1 және Европа базарларында бүгін жұмыс толығымен тоқтатылған. Қазір төтенше жағдай орнында тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру көліктері де бұл жерде кезегімен кезекшіліктерін атқаруда. Ал саудагерлер болса сауданың қашан жанданатынын білмей сең соққан балықтай сенделіп жүр. Айта кету керек, «Юпитер» соңғы жарты жыл ішінде Алматы барахолкасында өртенген жетінші базар.