Қазақстан да бұл үдерістен кейін қалмақ емес. Әзірше біздің құрама қоржынында 80-ге жуық олимпиада лицензиясы бар. Дегенмен, бокстан басқа қай спортты алып қарасақ та, әзірше, лицензия болғанымен қай спортшының Лондонға баратындығы шешілген жоқ. Сонда да «ҚазАқпарат» агенттігі өткен аптада қолға алған бастамасын жалғастырып, оқ ату сайысынан Олимпиада ойындарына баруы мүмкін спортшыларды таныстыруын жалғастырады.
Сонымен сөз қозғап отырған спорттың бұл түрінен әзірше Қазақстан спортшылары Ольга Довгун мен Вячеслав Подлесный ғана екі лицензияны қанжығаларына байлады. Дегенмен Тұманды Альбионда еліміздің намысын қай спортшының қорғайтындығы нақты шешілген жоқ. «Біз спортшының мылтық ату немесе тапанша ату тобына қарамастан-ақ оларды ауыстыра аламыз. Ауыстырудың белгілі бір ережесі де бар. Сондықтан қазіргі уақытта еншіміздегі 2 лицензияға 7 спортшы үміткер», - дейді еліміздің оқ атудан мемлекеттік жаттықтырушысы Галина Корчма.
Жалпы, оның атап өтуінше, спортшыларымыз ең алдынмен Лондонда, одан кейін Милан мен Мюнхенде өтетін әлем кубогының үш кезеңінде жүлделі орындарға табан тіреуі қажет. Тағы бір жолы бар, оған сәйкес сол спортшы аталған жарыстарда екі мәрте 4-6 орындарға жайғасуы керек. Сонда ғана ол О.Давгуннің қанжығасындағы лицензияға қол соза алады.
Ольга Довгун Лондон олимпиадасында Қазақ елі үміт артып отырған спортшылардың бірі - Ольга Довгун. 1970 жылы 1 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген ол Сидней, Афины, Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. Әлемнің екі дүркін чемпионы, І Африкалық-Азиялық ойындардың жүлдегері, XIV және XV Азия ойындарының және Еуропаның, Азияның КСРО-ның Қазақстанның чемпионы әрі жүлдегері. Сондай-ақ бұл споршы Әлемнің, Еуропаның, КСРО-ның, Қазақстанның мылтық атудан рекордын жаңартқан. Гуанчжоуда өткен XVI Азия ойындарында оқ ату сайысындағы дара санатта күміс медальді еншілеген. І, ІІ, ІІІ Орталық Азия ойындарының 13 мәрте, Қазақстан халықтары І спартакиадасының 3 мәрте чемпионы атанған. Айта кетерлігі, О.Довгун ресми халықаралық жарыстарда шағын калибрлі мылтықтан оқ ату нәтижесі бойынша мүмкін 600 ұпайдың 600-ін де еншіліген әлемдегі жалғыз мерген.
«Біздің ең жеңімпаздық атағы мол спортшымыз. Үш мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан, ал Лондон олимпиадасы төртінші болуы бек мүмкін. Сондықтан біз оған зор сенім артып отырмыз», - дейді Г.Корчма.
Рашид Юнусметов Оның айтуынша, үміт күттіретін спортшылардың бірі Рашид Юнусметовтің де Лондон олимпиадасында өнер көрсетуге мүмкіндігі мол. «Ол құрама сапында олимпиадада жарыс жолына шығуға мүмкіндігі зор негізі үміткерлердің бірі. Біз оны құраманың көшбасшысы санаймыз», - деді жаттықтырушысы.
Шымкент қаласының атынан өнер көрсететін Р.Юнусметов халықаралық санаттағы спорт шебері. Әлем кубогының кезеңдерінде жеңімпаз болып, бірнеше рет жүлдегер атанған. Азия чемпионы, Доха қаласында өткен 15-ші Азия ойындарында күміс медальді қанжылаған. Қазақстан Республикасының бірнеше мәрте чемпионы. Германияда өткен әлем кубогының ақтық мәресінде күміс медаль ұтып алған.
Зауреш Байбусынова Олимпиадалық лицензиядан үмітті келесі спортшымыз 31 жастағы алматылық Зәуреш Байбосынова да халықаралық санаттағы спорт шебері. Әлем кубогының кезеңдерінде жеңімпаз болып, бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан көрінген. Командалық есепте Гуанжоуда өткен 16-шы Азия ойындарында чемпион атанған. Еліміздің де бірнеше мәрте чемпионы.
«Өте тәжірибелі спортшы, олимпиадаға баратын құраманың сапынан орын алуға барлық мүмкіншіліктері бар», - деді оның барлық мүмкіншіліктерін бес саусағындай білетін жаттықтырушы.
Юлия Дришлюк 27 жастағы келесі спортшымыз Юлия Дришлюк Павлодар қаласынан өнер көрсетеді. Халықаралық санаттағы спорт шебері дәрежесі бар ол Әлем кубогы кезеңдерінің бірінде күміс жүлдегер атанған. Сонымен қатар Дохада өткен 15-ші Азия ойындарының жүлдегері, Гуанжоуда өткен 16-шы Азия ойындарында командалық есепте чемпион болды. Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы.
«Бұл спортшымыздың да құрама сапынан ойып орын алуға мүмкіншілігі бар. Бірақ та айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген жоқ. Менің ойымша, ол алдағы уақытта өзін жаңа қырынан көрсететін болады», - деді Г.Корчма.
Владимир Исаченко «Болашағы өте зор спортшы әрі олимпиада ойындарында жарыс жолына шығуға мүмкіншілігі бар». Бұл пікірді мемлекеттік жаттықтырушы ел намысын Лондонда қорғауға қабілеті жететін спортшыларымыздың бірі Владимир Исаченкоға қатысты білдірді. Алматы қаласының тумасы В.Исаченко еліміздің халықаралық санаттағы спорт шеберлерінің бірі. 2004 жылы Афинада өткен жазғы Олимпиада ойындарында ақтық мәреге дейін жетіп сүрінген. 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындарының жүлдегері. 2002 жылы Финляндияда өткен Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы.
Вячеслав-Подлесный Тосыннан сый жасап, Қазақстан құрамасының қоржынына олимпиада лицензиясын салған спортшылардың бірі - Вячеслав Подлесный. Павлодар қаласының атынан өнер көрсететін ол халықаралық санаттағы спорт шебері. Германияның Мюнхен қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль еншілеген. Азия чемпионатының жеңімпазы әрі жүлдегері.
«Ол ендігі уақытта біздің команда көшбасшыларының бірі болып табылады. Соңғы әлем чемпионатында дәл осы спортшымыз лицензия ұтып алған болатын. Дегенмен біз одан мұндай нәтиже күтпеген едік», - деп ағынан жарылды Г.Корчма.
Александра Малиновская Лицензиядан үмітті соңғы спортшымыз - 21 жастағы Александра Малиновская. Бұл спортшымыздың да халықаралық санаттағы спорт шебері дәрежесі бар. Германияның Мюнхен қаласында өткен әлем чемпионатында төртінші орынға тұрақтаған. Азия чемпионатының, Студенттер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері.
«Ол соңғы Азия чемпионатында Ольга Довгунмен бірге өнер көрсетті. Өкінішке орай оған лицензия иеленуге тек1 ұпай ғана жетпей қалды», - деді Мемлекеттік жаттықтырушы.
Жалпы Г.Корчманың атап өтуінше, оқ ату өте ерекше спорт түрі әрі спортшы онымен 60 жасқа дейін де айналысуына болады. Ол үшін психологиялық ұстаным аса қажет. «Қазіргі уақыттағы дайындық деңгейлеріне қатысты айтар болсам, Р.Юнусметовті, О.Довгун мен Александра Малиновскаяны ерекше атап өтер едім. Бұл спортшылар дәл осы мезетте барынша дайын», - деді ол.