Гүлзира Айдарбекова ұлының ауыр жол апатына түскені туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Қарақатпен шай" бағдарламасына сілтеме жасап.
Бүгінде көзілдірік тағып сахнаға шығу Қайрат Нұртастың өзіндік образына айналған. Алайда, өнер иесі оны көзімнің тыртығы бар деп түсіндірген болатын. Ауыр жол апатына ұшырап, сынықтары көзінің жанына кіріп кеткен ол бастапқыда сол тыртықтан қатты ұялған көрінеді. Артынша көзілдірік тағу үйреншікті жағдайға айналған.
"Қытайға ұшып баруымыз керек болатын. Құрбым дастарханын жайып, күтіп отырған еді. Қайрат келіп, шай ішеді деп ойлаған. Қайрат жоқ, келмеді. Сонымен телефон соғып едім, қазір келемін деді. Екі сағат қалды. Шетелге ұшатын болған соң, ертерек бару керек қой. Сосын мен құрбымның күйеуінен қайта-қайта хабарласуға қорқып тұрмын, біртүрлі сезім пайда болды, сіз жай сұраңызшы деп өтіндім. Жүрегім аузыма тығылып жатыр. Неге екенін білмеймін", - дейді Гүлзира Айдарбекова.
Ұлының өмірінде болған ауыр жол апаты туралы Гүлзира Айдарбекова егжей-тегжейлі айтып берді. Ән сапарға кетіп бара жатып, өміріне қауіп төнген Қайрат Нұртас осылайша бір өлімнен аман қалған көрінеді.
"Телефонды алды да, бірден түрі бұзылып кетті. Не болды, қайда деп жатты. Басым істемей қалды. Кетіп қалды екен деп ойладым. Отырған күйі көзімнің жасы аға берді. Жол апатына түскен екен. Алты мәрте аударлыған. Терезесінен қатты ұшып кетіп, ұшқындары арқасына, көзіне кірген. Ауруханаға барған кезде, есінен танып жатты. Ұшқындары қалып қойыпты. Кейін Қытайға барғанда тағы сынықтарын шығарды", - дейді продюсер.