"Алтын іздеген": Тоқаев Қалжыр өзенінің ластануына кінәлілерді жазалауды тапсырды

Берік Уәлидің айтуынша, "Айқын" газетінің бүгінгі нөміріне "Қалжырды кім ластап жатыр?" деген мақала жарияланған. Онда Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін заңсыз алтын өндірушілер ластап жатқаны туралы өте өзекті мәселе көтерілген.

"Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне бұл проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді", - деп жазды Берік Уәли.

Жақында әлеуметтік желілерде Күршім ауданына қарасты Қалжыр өзені ластанғаны туралы хабар тараған болатын. Ал 6 қыркүйек күні су ресурстарын қорғау мамандарынан комиссия құрылып, оқиға орнына аттанған.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, өзен бойында "Хван С. А.", "Кошкинбаев Б. А.", "Бошаев У. Т.", "Дуюсембаев А. У." және "Мадымаров Х. Д" жеке кәсіпкерліктері алтын қазумен айналысып жатыр.

"Тексеру қортындысына сәйкес "Хван С.А." ЖК, "Кошкинбаев Б. А." ЖК, "Бошаев У. Т." ЖК, "Дуйсембаев А.У." ЖК, "Мадымаров Х. Д." ЖК заңсыз кен шығару жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ өзен арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан су лайланған. Осы жылы анықталған заңсыз жұмыстардан кейін кеншілерге ӘҚБтК-нің 332-бабына сәйкес (Мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті түрде жүргізу туралы талаптарды орындамау) 218 775 теңге айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды. Өзен ағысынан төменірек "Қасенов" ЖК құрамында алтын бар кенді өндіру бойынша жер қойнауын пайдаланудың заңсыз жұмыстары анықталды. Барлық материалдар уәкілетті органдарға жіберілді", - деді ШҚО Экология департаменті басшысының орынбасары Рауан Тұраров.