Саясаткер Досым Сәтбаевтың айтуынша, еліміздегі қоғамдық сананы қазір телевизиялық сериялдар мен шетелдік авторлар қалыптастыруда. Бұл оларды қатты алаңдатып отыр. Ал болашақ Мұхтар Әуезов, Мұхтар Шаханов, Ілияс Есенберлиндер еліміздің әр өңірінде өмір сүріп жатыр. Оларға мүмкіндік беріп, есімдерін ашу керек. Сол себепті "Алтын қалам" әдеби сыйлығын ұйымдастырушылар бұл шараның дәстүрлі түрде өтуіне мұрындық болмақ.
"Эксклюзив" журналының редакторы, саясаттанушы Расул Жұмалының сөзіне қарағанда, "Жылдың үздік прозасы", Жылдың үұздік поэзитясы", "жылдың үздік балалар шығармасы", "Драмматургия" аталымдары бойынша өткен, "Алтын қалам" әдеби сыйлығын иеленген жеңімпаздардың шығармалары жыл соңына қарай жинақ боп басылып шыққалы отыр.
"Әдеби жинақ қаламгерлердің есімі мен шығармаларын жұртқа таныстырудың алғашқы қадамдарының бірі болмақ. Қазір біздің бір ғана демеушіміз бар. Олардың саны көбейген кезде басылымының таралымын көбейтетін боламыз. Жалпы "Алтын қалам" әдеби сыйлығы аталымдардың таңдалуы кездейсоқ емес. Бізде қазақ тіліндегі драмматургиялық және балаларға арналған әдебиеттер мен ғылыми еңбектер өте тапшы. Жоба әзірге ақпарат құралдары тарапынан ақпараттық және насихаттық жағынан толық қолдау тауып кете алмай келе жатыр. Көптеген жазушыларға және потенциалды авторларға бастамамыз әлі де жетпей отыр. Сондықтан биылғы жылы үміткерлердің аздығынан марапаттаудан тыс қалғалы отырған "Жылдың үздік іскерлік және ғылым еңбегі" аталымы да келесі жылдан бастап өз иелерін табатын болады ", - дейді Расул Жұмалы.