«Алтын қалам» IIІ шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды

өнеркәсіп тақырыбына маманданған қазақ журналистері арасындағы «Алтын қалам» IIІ республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Қазақ журналисттері арасындағы республикалық «Алтын қалам» шығармашылық байқауы үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Байқау мемлекеттік тілге нақтылы қолдау көрсетуге, қазақ тілді журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруға, медиа-салада жаңа экономи­калық ойлауды қалыптастыруға бағытталған. Бұл медиа-байқау ENRC компаниясының БАҚ-тағы мемлекеттік тілге қолдау көрсету жөніндегі стратегиялық бағдарламасының табысты жобасы болды.

Арнайы құрылған әділқазылар алқасының құрамына ENRC Kazakhstan президентінің бас кеңесшісі Ибрагим Еділбаев, «Егемен Қазақстан» газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов пен білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов енді. Қазылар алқасы журналистердің мақалаларын тақырып өзектілігі, ақпараттық және сараптамалық тереңдігі сынды талаптар бойынша бағалады.

Республикалық БАҚ-тардың 7 журналисі байқау лауреаты аталды. Байқау қорытындысы бойынша, еліміздегі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы және кәсіпорындардың тұрақты даму бағытындағы жобалары туралы жазған мақалалары үшін «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Сұңғат Әліпбай жеңімпаз деп танылып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Екінші орынды Павлодар облыстық «Сарыарқа Самалы» газеті бас редакторының орынбасары Нұрбол Жайықбаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ бұқарамен байланыс және ішкі хаттама департаментінің менеджері Ескендір Ертаев бөлісіп, әрқайсысы 400 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды. Нұрбол Жайықбаев «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ сынды Павлодар облысындағы ірі кәсіпорындардың индустриялық бағдарламалары туралы мақалалар жазған. Ескендір Ертаев ҚТЖ қызметіндегі жаңа технологиялардың енгізілуі туралы «Қазақстанның инновациялық жолы» мақаласы үшін марапатталды.

Үшінші орынға «Қазақстан» ТРК тележүргізушісі Мейіржан Әлибекұлы, «Түркістан» газетінің тілшісі Гүлзина Бектасова мен «Маңғыстау» газетінің тілшісі Әбдіғалым Саркенов ие болды. Олардың әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді. Мейіржан Әлибекұлын «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» логистикалық жобасы мен Ақтөбе облысындағы индустриялық және әлеуметтік жобалар туралы видеосюжеттер үшін атап өтті. Ал Гүлзина Бектасованы Астананың технологиялық дамуы жайындағы мақалалары үшін, Әбдіғалым Саркеновты Маңғыстау облысындағы жаңа мұнай жобалары туралы мақалалары үшін марапаттады.

Ақтөбе облысындағы «Казхром» ТҰК Хромтау қаласының экономикалық дамуындағы үлесі туралы мақаласы үшін «Ақтөбе» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі Нұрмұханбет Дияров мадақтау дипломымен марпатталып, 150 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды.

«Алтын қалам» конкурсының ұйымдастырушылары байқау келесі жылы да жалғасын табатынын атап өтті.