«Алтын құлын» байқауының бас жүлдесін Қытайдан келген қандасымыз иеленді


Ол көпшілікті 12 дастан мен 1000-ға жуық жыр шумағын жатқа білетіндігімен тамсандырды, деп хабарлайды kazaitys.kz.

Жас ұрпақты санасына ұлттық рухты сіңіру мақсатында ұйымдастырылған ауқымды бәйгеге 7-11 жас аралығындағылардан Батыр Әлекеев (Өскемен), Қаныбек Досан (ОҚО), Қасиетәли Құдайберген (Астана), Тілекберді Жанарбекұлы (Моңғолия), Әділет Тұқан (Алматы), Нұрсәт Ораз (Атырау) сынды балғын жыршылар мен 12-15 жас аралығындағы Сағындық Табиғатқызы (Моңғолия), Даурия Сүлейменова (Астана), Нұрай Айтуарова (Алматы), Қуаныш Елеусізұлы (ҚХР), Тоғжан Бақытова (Қызылорда), Абылайхан Низан (Семей), Кәмшат Жаппарбекова (ОҚО) сияқты жас қиссашылар қатысты.

«Алпамыс батыр» мен «Қыз Жібек» жыры бойынша тапсырма алған қатысушылар жырды толығымен жаттап қоймай, өзге дастандарды білуімен де бағаланды. Бұл тұрғыда олардың орындаушылық өнерлері де ескерілген. Сондай-ақ жас жеткіншектер қазақы салт-дәстүрлерден жетік хабардар болуы мен ұлттық аспаптарда ойнай білу өнері жағынан да сынға түсті.

Додада 7-11 жас аралығындағы өрендерден алматылық Әділет Тұқан жеңімпаз атанса, 12-15 жастағы жыршылардан Қытайдан келген Қуаныш Елеусізұлы мен Нұрай Айтуарова бас бәйгені өзара бөлісті.