«Алтын жүрек» сыйлығының тәрбиелік мәні зор - ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов


«Бауыржан» қоғамдық қоры ұйымдастырған Қазақстандағы қайырымдылық саласындағы жалғыз қоғамдық сыйлық болып табылатын «Алтын жүрек» биыл 7-ші рет 11 аталым бойынша өз иегерлерін тапты. Қоғамдық кеңес мүшесі Н.Нүсіпжановтың айтуынша, әрбір аталым бойынша он шақты үміткерден болған. Жеңімпазды анықтау кезінде әр сала бойынша кім қанша қайырымдылық шарасын жасады, атқарған жұмысы мен оның ауқымы және жұмсаған қаржысының көлеміне қарай баға берілген.

«Жалпы мен үшін жомарт - қолынан келгенше барымен бөлісіп, шын көңілімен ұлтына, еліне жаны ашитын адам. Әрине біреудің шамасы көбірек, біреудікі азырақ болады. Тіпті шамасы жоқ адамдардың ішінде де маңайына шапағатын шашып біреуді жетелеп, біреуге көмектесіп жүретіндері көп. «Алтын жүрек» сыйлығының тәрбиелік мәні бар. Бәрін ақшаның санымен, байлықтың салмағымен шеше бермей адамгершілік жағына бұра білсе нұр үстіне нұр болар еді. Мұның пайдалы екенін түсінетін адамдар көбейсе және бұл жастардың санасына сіңсе екен», - деді Нұрғали Нүсіпжанов.