Соңғы бір-екі айдан бері қазақ эстрадасында өзіндік орны бар Алтынай Жорабаева мен оның жұбайы, белгілі актер, режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың ажырасып кеткені туралы әңгіме желдей есуде.
Бұған Алтынайдың таяуда ғана төрт қызымен бірге Астана қаласына қоныс аударуы себеп болған сияқты. Бұл туралы Замана басылымы жазады.
Оған қоса Сәбит Әбдіхалықовтың соңғы екі айда екі рет жүрек талмасына ұшырағаны жөнінде Алтынайдың әлеуметтік желіде тіс жармауы, сондай-ақ жолдасының туылған күнінде ләм-мим демеуі де әңгімені одан әрі ушықтыра түскендей. Өйткені олар «Инстаграмға» өздерінің бірге түскен фотосуреттерін, табиғат аясында серуендеп жүрген отбасылық суреттерін жиі салатын. Ал соңғы айларда жеке парақшаларынан әлгі суреттердің барлығы да өшіріліп тасталған.
Бүгінде Сәбиттің де, Алтынайдың да әлеуметтік желідегі оқырмандары екеуінің қарым-қатынасы жайлы әртүрлі пікір жазудан жалығар емес. Олардың бірі екеуінің айырылысып кетуіне Сәбиттің бұрынғы әйелі, актриса, әнші Айгүл Иманбаеваның қатысы болған десе, енді бірі Сәбит тым дөрекі, Алтынайды жиі ұрып-соғатын еді деуде. Ал шын мәнісінде бұл жұлдызды жұптың арасында не болды? Ажырасқандары рас па? Біз осы сұрақты әнші Алтынай Жорабаеваның өзіне қойып едік, ол бізге: «Бұл мәселеге байланысты ештеңе айта алмаймын. Себебі ол әр адамның жеке өмірі», – деп жауап берді.
Біз осыдан кейін бүгінде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын басқарып отырған Сәбит Әбдіхалықовқа телефон соқтық. Әңгіменің түп-төркінін бірден түсінген ол: «Бұл тақырып жөнінде ештеңе айтпаймын. Мен елге «отчет» беретіндей ақымақ емеспін», – деп қысқа қайырды.
...Сонымен, бұл кісілердің отбасылық мәселесіне қатысты сұрақ басы ашық күйінде қалды. Дегенмен «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, бәлкім олардың өз өмірлерін құпия ұстауында бір сыр жатқан шығар. Әлде бұл белгілі жұлдыздардың кезекті «пиарының» бірі ме екен?