Таллинн қаласында байрағын көтерген бұл сында ел намысын батысқазақстандықтар, ақтөбеліктер және оңтүстікқазақстандықтар қорғады. Биыл сайысқа қатысуға ниет танытқандардың қарасы көбейген. Яғни төрткүл дүниенің он бес елінен 200-ге жуық спортшы қатысыпты. Әлем мойындаған қазақстандық жас дойбышылар биыл да бабында екендігін дәлелдеп, қорытынды есеп бойынша 2-орынға тұрақтады.
Ұлттық құраманың биіктен көрінуіне ақжайықтық арулар өз үлестерін қосты. Қоржынға түскен төрт алтын медалдің үшеуі біздің қызғалдық қыздарымыздың еншісінде. Он алты жасқа дейінгілер арасында сынға түскен Алтынай Жұмагелдиева жылдам ойнау және классика түрінен бір-бір алтыннан алып, алтыншы мәрте әлем чемпионы атанды (мұндай дәрежеге елімізде әлі ешкім жеткен жоқ). Ал он үш жасқа дейінгілердің ішінде Әлия Камаловамен теңесер ешкім болған жоқ. Сөйтіп ол әлемнің екі дүркін чемпионы деп танылды.
-Қазір біздер 3-13 қыркүйекте Шымкент қаласында ерлер мен әйелдер арасында өтетін Азия чемпионатына аттанып бара жатырмыз. Онда біз Алтынай мен Әлияға және Азия чемпиондары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері Кристина Литвиненко мен Нұрбек Ізбасарға үлкен үміт артып отырмыз. Ал 15-25 қазанда Санкт-Петербургте әйелдер арасында әлем чемпионаты өтпекші. Онда Алтынай ел намысын қорғамақшы, - деді дойбыдан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиев.