Алтыншаш Мұқатаева: «Арманыма балта шаппаған Қорға мың алғыс»

«Қазір сол Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық вокал» мамандығы бойынша магистратураны да бітірдім. 2022 жылы грантқа түсе алмай, бір жыл оқылы бөлімде оқыдым. Бірақ мен үшін оқу оқысы қымбат болғасын Нұрсұлтан Назарбаев қорына жүгіндім. Сол кезде арманыма балта шаппай, Қор магистратураның екінші курсының оқу ақысын төлеп берді. Қорға алғысым шексіз, қазір сол дипломның жемісін жеп жатырмын», - дейді Қордың грант иегері.

Алтыншаш Мұқатаева Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Қарақат Әбілдина сынды әншілерді үлгі тұтып, өзіндік стилін қалыптастырған. Алғаш рет үлкен сахнадағы жолы 2013 жылы «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты байқаудан бастау алған. Содан кейін шетелдік байқауларда бақ сынапты. 2022 жылы Сочиде өткен Icon Music Fest халықаралық вокалистер байқауының бас жүлде иеленді. Зор жауапкершілікті сезінген әнші бірнеше елдің қатысушылары арасында 5 турдың қорытындысы бойынша топ жарды.

«Астананың әсемдігінен, қаланың қарбаласынан, жанталасынан, халықтың қозғалысынан шабыт аламын. Жылына бір рет Алматыға барып тұрамын, мұнартқан биік таулар шабыт сыйлайды. Сол жақта жүріп, Қордан ұтқан қаржыма Ескендір Хасанғалиев жазған «Аңсағаным» әнін жаздырттым. 2023 жылы Астанада үлкен кеш өткіздім. Сосын Алматыда Қор ұйымдастырған ірі іс-шараға қатыстым. Көптеген дос таптым. Жастарға осындай мүмкіндік берген Назарбаев Қорына рахмет айтамын», - дейді А.Мұқатаева.