Қалыңдық қылмақ қып қымқырған қыз мына үйдің бойжеткені еді. Жанарын жас шылаған жандар қараша тамда қаралы хабарға қайыр болсын айтып келгендерді қабылдауда енді. 20 жастағы Ырыс оқуын оқып, тәлімін тоқыған қыз болатын дейді туыстары. Алайда әй-шәй жоқ ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші ауылдың 34 жастағы жігіті бір-ақ күнде бойжеткенді күштеп алып кеткен. Бара салысымен тойдың жоралғысын жасапты. Қас қарайғанда төсекте табысқан, яки зорлаған жас қызды. Бірақ бойжеткеннің ата-анасы жігіттің қыздарына тең еместігін айтып қайтармақ болған. Үлгермеді.
Динаркүл Мұсаева, марқұм қыздың анасы:
- Артынан барайын деп ойлаған жоқпын. Бала қай жылғы екен деп сұрадық. Қай жылғы десек 78 жылғы дейді. Бала оқыды ма деп сұрап қалдық. 92 жылғы қызды алған. Біреуі айтты үйленген деп.
Қамыққан қыз туыстарына бір-ақ рет қоңырау шалып үлгерген. Құтқарғын қапастан деп. Бірақ ертесіне-ақ қорлыққа шыдамаған ол асылып өлді. Ал өзінен 14 жасқа кіші бойжеткенді алды-артына қарамай алып қашқан күйеу жігіт сүттен ақ, судан тазамын дейді.
Шайымбек Иманқұлов, Сары Қамыш ауылының тұрғыны:
- Мен намаз оқып бастағасын жайнамаз сап бердім. Телефонмен сөйлесіп тұрдық, шариғатқа тура емес пе, жақсысың ба деп сөйлескенбіз.
Қазір жүгенсіз жігіт жазықты ма, ағаттық қайсы адамнан кетті, 20-да жасы бар бойжеткен неге өз-өзіне қол салды деген сансыз сұрақтың жауабын қырғыздың құқық қорғаушылары табандарынан таусылып іздеуде.
Құдайберген Кендербаев, Ақсу аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
- Қазір бұл материал бойынша іс хатталған. Атасынан арыз кеп түскен. Бұл арыз тексерілуде.
Бірақ сұлуларды алып қашатын серілердің тәртібін тезге салатын тәртіп сақшысы қырғызда қалмады дейді қараша халық. Өйткені мұнда бір жылда шамамен 15 мың бойжеткенді еріксіз алып қашады екен. Соның біразы өз өмірлерімен қош айтысқан. Бірақ жазасын арқалап темір торға тоғытылғаны саусақпен санарлық.