Америка түрмесінде жазасын өтеп шыққан Азамат Тәжияқов елге оралды

Сондықтан жас жігіт бостандыққа шығып, кеше Алматыға ұшып келді, деп хабарлайды КТК.

Азамат Тәжияқов мінген ұшақ Алматы әуежайына 16 маусым күні таңғы сағат 5:30- да қонды. Жат жерде жазықты болып, түрмеге тоғытылған ұлдарын қарсы алуға ата-анасы мен туыстары тайлы-тұяғы қалмай түгел келген. Бірнеше жылдан кейін туған жерге табаны алғаш тиген Азамат ұшақтан түсе салысымен ағайындарымен арқа-жарқа құшақтасып, ақтан дәм татты. 2013 жылдан бері АҚШ-та қамауда болған ол басына үйірілген қара бұлттың сейілгенін енді ғана сезінгендей. 

- Қазір жүрегім тоқтап қалардай болып тұр. Қатты соғып жатыр. Қуанышымда шек жоқ. Келіп күтіп алғандарыңызға рахмет. Әкеме қоңырау шалып жағдайымды біліп тұрғандарыңызға рахмет. 3,5 жыл болды Қазақстанда болмағаныма. Ет жеп демалып, қымыз ішіп жатқым келеді, дейді Азамат Тәжияқов.



 

2013 жылдың сәуірінде Бостондағы марафон кезінде жарылыс болып, 4 адам қаза тапқан. Лаңкестік әрекетті ұйымдастырған ағайынды Царнаевтардың үлкені Тамерлан құрықтау шарасы кезінде өлсе, кішісі Жохарды АҚШ соты оны өлім жазасына кесті. Ал екі қазақ студенті Азамат Тәжияқов пен Диас Қадырбав осы кіші Царнаевқа көмектесті деген айыппен жазаға тартылған болатын. 

Қазір Америка түрмесінде тағы бір отандасымыз жазасын өтеп жатыр. Диас Қадырбаев та Бостондағы оқиғаға қатысты терроризм бабы бойынша айыпталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сондықтан ол енді 2 жылдан кейін елге оралмақ. Ал жазадан толық құтылған Азамат Тәжияқов бүгін түнде туған жері Атырау облысына жол тартады.