Көрме барысында жақында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен байқауда «Қала көріністері» номинациясы бойынша жеңіп алған «Алтын қыран» медалі табысталды. Көрмеге суретшінің «Қала көріністері» аталымы бойынша салынған жиырмаға жуық туындысы өнерсүйер қауымның назарына ұсынылды.
Еске сала кетейік, Жеңіс Кәкенұлы жақында Нью-Йорк Суретшілер одағының ұйымдастыруымен өткен халықаралық Арт-жобасында «Golden еagle» («Алтын қыран») алтын медалін жеңіп алған болатын. Бұл халықаралық көрмеге АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Аргентина, Колумбия, Эквадор, Макао, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Израиль, Чехия, Словакия сияқты елдерден 1500 суретшінің еңбегі қойылған. Отандасымыздың өнері бағаланып, осы сайыста топ жарып шықты.
Сондай-ақ суретші көрме барысында елордадағы Балалар көркемсурет мектебіне 50 графикалық жұмыстарын сыйға тартты.
«Бұл - бізге берілген үлкен сыйлық. Біздің мектебімізде Жеңіс Кәкенұлының жұмыстары бар. Ал бұл суреттер біздің оқушыларымызға сабақ барысында қажет болатыны сөзсіз. Жеңіс Кәкенұлын жүлдесімен құттықтаймыз. Бұл жүлде біздің мектептің балаларына да «жұғысты болсын» деген ниетпен, мына теңдессіз сыйлықты қуана-қуана қабылдаймын», - деп алғысын білдірді Балалар мектебінің директоры Исенова Гүлзия Жағыпарқызы.
Айта кетейік, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Президенттік стипендия иегері Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген.
1988 жылдан бері еліміздегі көрмелерге, сондай-ақ АҚШ, Германия, Түркия елдерінде көрмелерге қатысқан. 2000 жылғы «Мәдениетті қолдау жылы» белгісінің авторы. Қазақтың бейнелеу әлемі, қазақ суретшілерінің шығармашылық болмысы туралы публицистикалық еңбектері енген «Ақ зер» атты жинақтың авторы. 200-ге жуық кітаптың мұқабасын безендіріп, жарыққа шығарған.
Алматы, Астана қалаларында жеке көрмелер ұйымдастырып тұрады. Картиналары Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, Қазіргі заман өнері музейінде, Президенттік мәдениет орталығында сақтаулы. Еліміздің және шетелдердің (Молдова, Германия, Түркия) жеке картина жинаушылар қорында да суреттері бар.
Сондай-ақ 2009 жылы Түркияда өткен суретшілердің халықаралық көрмесінде Түркия Президенті Абдолла Гүл мырзаға ТҮРКІСОЙ-дың атынан суретші Жеңіс Кәкенұлының «Амасия» атты картинасы сыйға тартылған болатын.