Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімі дөңгелек үстел отырысы түрінде өтті. Осыған қарай отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері мен Парламент депутаттары, ақын-жазушылар мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Кітаптың авторы Ә.Әлпейісовтің айтуынша, тәуелсіздік қазақ еліне оңайлықпен келе салған игілік емес. Бүгінгі тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың ерен ерлігі мен жанкештілігінің, ұлтына, Отанына деген шексіз махаббатының нәтижесі. «Қазақстан тәуелсіздікке жету үшін тарихта 300-ден аса көтеріліс болған екен. Соның бірнешеуі біздің заманымызға дөп келіп, тағдыр біздің маңдайымызға сол оқиғалардың куәсі болуды жазыпты. «Сол оқиғалардың бірі 1959 жылғы Теміртау көтерілісі, 1967 жылғы Шымкент көтерілісі, сондай-ақ біздің тарихымыздағы үлкен оқиғалардың бірі - 1979 жылғы неміс автономиясына қарсы күрес, оның жалғасы 1986 жылғы көтеріліс. Бұл оқиғалардың барлығы қазақ халқының мыңдаған жылдардан бері аңсап келе жатқан арманы. Сондықтан оны жазу оңай емес. Жазбауға тағы болмайды», - дейді автор.
Оның айтуынша, тұсауы кесіліп отырған кітап «Қашқан суыр» және «Азаттық аңсаған Сарыарқы» атты екі бөлімнен тұрады. «Азаттық аңсаған Сарыарқа» қазақ мемлекеттігі мен тәуелсіздігі идеясын көтерген өткен жүзжылдықтың 70 жылдары өмір сүрген «Сарыарқа» студенттік бірлестігінің тарихына арналса, «Қашқан суыр» повесі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейінгі кезеңдегі жастардың өмірін суреттейді.