Шу алқабында талқаны шыққан АН 2 ұшағының командирі 60-ты алқымдаған Валерий Клюшевтің үйі қара жамылып отыр. Әу бастан әскери ұрыс ұшағын тізгіндеген ол ұшу уақыты бойынша зейнеткерлікке жетсе де, сүйікті кәсібінен қол үзбепті. Қазір артында аңырап қалған бала шағасы, отағасы үшін үнемі үрей құрсауында жүргендерін жасырмайды. Бірақ аспанды жанындай сүйген азаматтың өзі де сонда өлсем деп армандаған екен.
Александр Клюшев, В. Клюшевтің ұлы:
-Ол аспанда, штурвалды ұстап отырып кетті өмірден. Ол осыны армандайтын. Өте қауіпті кәсіп болғандықтан ол үшін уайымдаумен жүріп ақ осы қаралы күнге өзімізді дайындаппыз ғой. Сондықтан қанша қайғырсақ та ол арманына жеткені үшін өзімізді сабырға шақырамыз.
2007 жылдан бері АН 2 ұшағына иелік ететін «Олимп Эйр» компаниясының кеңсесі 9 қабатты үйдегі пәтерде орналасқан. Штатында 10 қызметкері мен 5 ұшағы бар. Компания директоры техниканы бес саусағындай меңгерген кәсіби мамандардың жолын не кескенін түсіне алар емес.
Владимир Круч, «Олимп Эир» ЖШС директоры:
-Өз істерін жетік меңгерген мамандар болатын. Тұман кедергі келтірген болса, басқалай шара қолдану керектігін олар жақсы біледі. Ойға да қырға да қиындықсыз қона беретін басқарылуы оңай ұшақта ақау болса да бір қарекет жасаулары керек еді.
Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып келіп-кетіп жатқан жұрттың да қарасы қалың.
-Марқұмдарды жерлеу рәсімін жұма күні өткізу жоспарланған. Өйткені қара жамылған отбасылар түрлі сараптамалардан өтіп жатқандықтан денелерді әлі алған жоқ. Осы орайда Қарағанды облысының басшылығы марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, ақтық сапарға шығару рәсімінің жүгін толығымен өз мойындарына алатындарын жеткізді.
Loading...